"Қаңтарды билік ұмытқанмен халық ешқашан ұмытпайды". Алматыда Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алды

Қаңтар оқиғасының екі жылдығына орай өткен қаралы жиын. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Алматыда Қаңтар оқиғасының екі жылдығына орай екі бірдей шара өтті: бірі – Тәуелсіздік монументі алдына белсенділер жиналып, қаралы жиын өткізсе, екіншісі – «Тағзым» мемориалы алдына қаза тапқандарды еске алуға туыстары келді. Жиналғандар арасынан билік өкілдері көрінбеді. Адамдар әділ тергеуді және кінәлілерді жазалауды талап етті.

Бұл күні Алматыда күн шақырайып тұрды. 2022 жылғы қаңтардың 5-і – сұрқай, тұманды күннен ешқандай белгі қалмаған. Билік өкілдерінің Қаңтар оқиғасы құрбандарына арнап ашқан «Тағзым» мемориалы алдында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері ғана ары-бері жүрді: ескерткіштердің тақтасын жуып, мереке кезінде жиналып қалған ұсақ қоқысты тазалап, құрғақ шөпті жұлып, жарықтарды жөндеп жатыр. Сәл әріректе, шыршаның тасасында бір-екі полицей тұр. Жақын маңға жедел жәрдем көлігі тұрақтаған.

"Тағзым" мемориалының маңын тазалап жүрген жұмысшы. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Мемориал алдына біртіндеп адамдар жинала бастады. Дені екі жыл бұрын Алматыда қаза болған жандардың туыстары. Бірнеше әйел шағын баннерлерін жазды. Онда марқұмдардың есімі жазылыпты. Біреулер ұлының, күйеуінің портретін әкеліп, мемориалдың төменгі жағына қойып жатыр. Әрбір портреттің алдына күл шоқтарын тастады. Енді бір әйел тастай суық мәрмәр тақтаның үстіне жеті шелпек салып әкелген пакетін қойды.

Қаңтарда қаза болған жандардың суретіне гүл қойып жатқан әйел. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Тұрар Арыстанқұловтың жесірі Әлия Сәкенқызы "күйеуім басына оқ тиіп қайтыс болды, артында үш баласы жетім қалды" дейді.

— Жолдасым 5 қаңтар күні қайтыс болды, одан бері екі жыл өткенімен, кінәлілерді әлі тапқан жоқпыз, – дейді Әлия. – Алғашында күйеуімді жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыптады, кейін оның жазықсыз екенін дәлелдеген соң ақталды. Енді істі құпияда ұстап отыр. Былтыр жергілікті әкімдік еске алу асын ұйымдастырды, биыл ештеңе болмайды дейді. Билік Қаңтарды ұмытқанымен, біз, қарапайым халық қаза тапқан 238 адамды ешқашан ұмытпаймыз.

Қаңтарда қаза болған жандардың суреттері. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Мемориалға жиналған адамдар билік екі жыл бұрын болған оқиғаны еске алғысы келмейтінін айтты, қайтыс болғандарды еске алу үшін ашылған мемориалға әлі күнге ешкімнің есімі жазылмағанына наразы. Олар сондай-ақ неге әлі күнге адам өлімі толық тергелмеді, неге кінәлілер жазаланбады деп қапаланады.

Қалимаш Тұрсынова мемориалға Қаңтар оқиғасында қаза болған ұлының суретін қойып жатыр. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

– 1994 жылы туған ұлым Жеңісбек Әлжанбаевты 6 қаңтар күні атып тастады, – дейді жасы елулер шамасындағы Қалимаш Тұрсынова көзіне жас үйіріп. – Көлігімен келе жатқан жерінен атып тастапты. БТР-дан атқан. Басына оқ тиген. Детализация [абоненттің тұрған жері] арқылы тексеріп, митингіге қатыспағанын дәлелдедік. Жолда келе жатқанда оқ атқан. Ол тіпті көліктен шықпаған. Сәтбаев көшесінде болған деді. Бірақ детализацияға қарасақ, ол Сәтбаев көшесіне бармаған. Ол маған: «Мама, қайтып келе жатырмын», – деді. Бірақ жете алмады, жолды жауып тастаған. Оған аяусыз оқ атқан. Қазақстанда ешқандай әділдік жоқ. Мен сияқты жалғыз ұлынан айырылған аналар қаншама? Неге жазықсыз адамдарға оқ атылады, неге кінәлілерді іздемейді? Істі жауып тастады. Атқандарды тапсын!

Қаңтардың екі жылдығына орай өткен қаралы митингіге келген әйелдер қаза болғандарды еске алып, жылап жатыр. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Мемориалға келген адам қарасы көбейе берді. Ер адамдар журналистерден сәл алшақта, тұнжырап темекі шегіп тұр. Әйелдер құшақтасып, жылап жатыр.

— Біз енді «террористердің әйеліміз», – дейді Қаңтар оқиғалары кезінде қаза болған Қайрат Ниязбаевтың жұбайы Әйгерім Ниязбаева. – Адамдар күйеуіңе не болды деп сұрайды. Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болды десем, шошып кетеді. Өйткені өлгендердің бәрін «террорист» деп танытты. Олар террорист емес, қазақтар! Оларды [марқұмдарды] заң бойынша соттайды. Істі құпиялап тастады. Сонда басқаларды соттамай ма? Бәрінен бұрын бұйрық берген адамды соттасын! Өз халқына оқ ат деп бұйрық беруге қалай аузы барады?

Қаңтардың екі жылдығына орай өткен қаралы жиынға жиналғандарды телефонға түсіріп жүрген жігіт. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Марқұмдардың туыстары мен журналистер арасында көзге түспеуге тырысқан жас жігіттер жүр. Бізді телефонының камерасын түсіріп қояды. Әдетте әкімдік рұқсат етпеген акциялар, митингілер мен пикеттер кезінде бәрін тіркеу үшін келген күштік құрылым қызметкерлері осылай істейді. Олар бірақ рұқсат етілген акциялар кезінде де түсіреді.

Қаралы жиынға жиналғандар Қаңтар құрбандарына Құран бағыштап жатыр. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Ал жиналған жұрт марқұмдардың рухына құран бағыштап, алаңнан кете бастады. Көпшілігі жолдың арғы бетінде орналасқан Тәуелсіздік монументінің алдындағы, азаматтық белсенділер ұйымдастырған қаралы жиынға қосылды. Ол жерге жүзге жуық адам жиналыпты. Мұндағылардың да сұрағы біреу: бейбіт халықтың өліміне кім жауап береді және неге билік пен қоғам арасында диалог орнату әрекетінің соңы осынша адамның өліміне ұласты?

Қоған белсендісі Рысбек Сәрсенбай (оң жақта) қаралы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

— Адамдар өлді. Халық қара жамылды. Не үшін? Билік осы бір жалғыз сұраққа өзінше жауап береді, – дейді қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай. – Төңкеріс орнатпақ болыпты, билікті тартып алмақ болыпты дейді. Тәуелсіздікке, мемлекетке қауіп төндіріпті-міс. Экстремистер, террористер, мародерлер дейді. Иә болған шығар, бірақ олар өте аз. Халық арасынан шыққандар емес, биліктің өз арандатушылары. Ашығын айтсақ, мұның бәрі [экс-президент] Назарбаев пен [президент] Тоқаевтың билік үшін күресінің кесірі. Солай ма? («Солай! Солай!» – деп халық айқай салды). Тоқаев «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында өзі мойындады. Басты себеп – жылдар бойы қордаланған проблемалар, биліктің тиімсіз жұмысы, экономикалық жағдайдың ушығуы дейді. Оған кім жеткізді? Бір ғана Назарбаев па? Тоқаев ең аз дегенде 13-14 жыл билікте болды. Екі рет сенат төрағасы, премьер-министр болды. Яғни, оның да кінәсі бар. Халықтың жағдайы нашарлап кетті. Демократияның ауылы алыста қалды. Оны өзі де мойындады, мойындамасқа амалы жоқ. Бұл шындық. Бірақ ол бар кінәні халыққа артып салды.

Белсенді Байбах Біләлов қаралы жиыннан тікелей эфирде хабар таратып тұр. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Сәрсенбай сөзін «Бір террорист емеспіз!» деген ұранмен айқайлай аяқтады, халық оны дереу іліп әкетті. Содан соң Тәуелсіздік монументі алдына Қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандардың есім-сойы жазылған ұзын баннерді жайды.

Белсенділер Қаңтар құрбандарының есімдері жазылған баннерді жайып жатыр. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

Митингіге 2022 жылы қаңтарда зардап шеккен бейбіт тұрғындардың бірі Ермек Әбдірешов келді: оған қаңғыған граната бөлшегі тиіп, көзі соқыр болып қалған. Ол күні жарақат алған ер адам ауруханаға түсіп, кейін әскерилер алып кетеді де, тергеу изоляторына әкеліп тастап, әбден азаптайды. Сегіз айдан соң Алматы прокуратурасы Әбдірешовты жазықсыз деп танып, қылмыстық қудалауды тоқтатты.

Қаңтар оқиғасы кезінде қос жанарынан айырылған Алматы тұрғыны Ермек Әбдірешов. Алматы, 5 қаңтар 2024 жыл.

— Қазіргі билік кетіп, Қазақстанда жаңа дәуір басталған соң, қылмыскерлер толық жазасын алған соң ғана әділдік орнайды, – дейді Ермек Әбдірешов. – Өйткені мұның бәрі – биліктің ісі. Егер билік мен сияқты денсаулығынан айырылған, мүгедек болып қалғандарды азаптаған адамдарды тауып жазаласа, өз кінәсін мойындаған болып шығады. Біреуге айып тақса, бұйрық орындағанбыз деп айтатындар шығады. Сол кезде биліктің құпиясы ашылып қалады.

Митинг Алматы уақытымен сағат 13:00 шамасында аяқталды. Республика алаңындағы халық тып-тыныш тарады. Ешкімді ұстап әкеткен жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтар оқиғасына екі жыл. Марқұмдардың жақындары "Тағзым" мемориалына жиналды

Екі жыл бұрын 2022 жылдың басында Алматыда елдің батыс бөлігінде басталған билікке қарсы бейбіт ереуілдің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қазақстанның бірқатар қалаларында көптеген адам зардап шегіп, бірнеше әкімшілік ғимарат қиратылды. Оның ішінде қала әкімдігі мен президенттің резиденциясы бар. 2022 жылдың 7 қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялап, ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді.

Бірнеше күн бойы ақпараттық блокадада қалған қалада сол күндері болған оқиғалардың нақты картинасы әлі қалпына келген жоқ.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғалары кезінде кемінде 238 адам қаза тапқан, оның ішінде күш құрылымдарының 19 қызметкері бар. Алты адам азапталып қайтыс болды. Ең көп кісі өлімі Алматыда тіркелген, мұнда 151 адам өлген.