АҚШ жоғары дәлдіктегі тегістеу станоктарын Ресейге заңсыз тасымалдаған желіні әшкерелеу кезінде тәркіленген 500 мың доллар қаражатты Украинаға береді. Ақша Этонияның әділет министрлігіне аударылады, Таллин оны Украинаның энергиямен қамтамасыз ету желілеріне келген шығынды бағалауға және жөндеуге жұмсайды. Бұл жөнінде Мюнхен қауіпсіздік конференциясы кезінде АҚШ әділет министрлігінің өкілі Лиза Монако мәлімдеді, деп жазды Bloomberg. Әділет министрілігінің хабарламасында мәселе "ресейлік қорлардың" қаржысы жөнінде болып отырғаны жазылған.
Тәркіленген қаражат Эстонияға беріледі, себебі қалыптасқан жағдай қаражатты Украинаға тіке аударуға мүмкіндік бермейді.
Тәркіленген Ресей активтері Украинаға алғаш рет берілейін деп отыр.
"Үлкен жетілік" елдері және Еуроодақ қазіргі кезде Батыс елдері бұғаттаған Ресейдің қаражаттарын тәркілеуді талқылап жатыр. Оның көлемі 300 млрд доллар деп айтылады. Әзірге мәселе техникалық деңгейде ғана талқыланып жатыр, себебі оған қатысушылар тәркілеуге қатысты көптеген заңнамалық қиындықтарға кезігіп отырғанын мойындайды.
Мәскеу қаражаттары тәркіленсе, қатаң шара қолданатынын айтып келеді.
Еуроодақ жуырда Украинаны қолдау үшін ресейлік активтерді емес, оларды орналастырудан түскен кірісті пайдалану туралы шешім қабылдайды. Бұл туралы 17 ақпанда Мюнхенде өткен қауіпсіздік конференциясында Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұл қаражат (әзірге бірнеше миллиард еуро) Украинаны қолдауға, соның ішінде қару-жарақ өндіруге жұмсалады. Еуропа кеңесі бұған дейін ресейлік депозитарийлердегі бұғатталған активтерден түскен пайданы есепке алу және бөлек сақтауды қарастыратын қаулы бекіткен. Бұл қаражатты Украинаға көмектесуге бағыттау әзірге заңды түрде рәсімделген жоқ.