Ресейде жаңа заңға байланысты "Википедияны" бұғаттауы мүмкін
Ресейде VPN-ді насихаттауға тыйым салу туралы жаңа заңға сәйкес, "Википедияны" бұғаттауы мүмкін. Бұл туралы мемлекеттік думаның ақпараттық саясат, ақпараттық технологиялар және байланыс комитеті төрағасының орынбасары Антон Горелкин телеграм-арнасында жазды.
Оның сөзінше, интернет-энциклопедиядағы VPN туралы мақалада Роскомнадзордың оны бұғаттауына мүмкіндік беретін белгілер бар. Горелкин тағы басқа себептер түрткі болғанын айтты. "Реттеушінің бірнеше шағымы бар, оның басым бөлігі бойынша сот шешімі шыққан. "Википедияны" бұғаттауға заңды негіз бар, енді оны қолданушыларға ыңғайсыз болмайтындай етіп жасау ғана қалды" деп жазды депутат.
1 наурыздан бастап Ресейде "бұғаттауды айналып өтуді жарнамалауға немесе насихаттауға" тыйым күшіне енді. Роскомнадзор VPN орнату бойынша нұсқауларды ғана емес, осындай әдісті пайдалануға шақыруды да бұғаттай алады. Ресейде интернет ресурсына қойылған бұғатты айналып өту әдістерін қолдануға тікелей тыйым жоқ. "Новая газета Европа" басылымының жазуынша, ондай әдісті пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Ресей Украинаға басып кіргелі миллионнан астам сайтты бұғаттады, оның ішінде Facebook, Instagram және X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желілері, тәуелсіз БАҚ сайттары, соның арасында Азаттық радиосы да бар. Ресейліктер интернеттегі бұғатты айналып өту үшін VPN анонимайзерлерін пайдаланады. Соғыс басталғалы оларға сұраныс күрт артқан. Қазір VPN-ді Ресейге қарағанда тек Қытайда көбірек қолданады.