БАҚ: Қазақстан Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау көлемін 11 миллиард текше метрге жеткізбек

Кремль бақылауындағы ТАСС агентігінің хабарлауынша, Қазақстан 2026 жылға қарай Ресей газын Өзбекстанға транзиттеуді 3 миллиардтан 11 миллиард текше метрге дейін жеткізуді көздейді.

Мұның алдында ресми Ташкент Қазақстан арқылы бір жылда үш миллиард текше метр газ тасылады деп мәлімдеген. Табиғи газ импортын арттыру мақсатында өзбек билігі магистралды газ жүйесін жетілдірмек.

Өзбекстан Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы 2023 жылғы қазанда импорттай бастады.

5 наурызда Азаттықтың Өзбек қызметі «Путиннің бір қолынан екінші қолына». «Газли» газ қоймасы Фозиловқа өтті» деп аталатын журналистік зерттеу жариялаған.

Онда Өзбекстанда энергетика саласының "патшасы" атанған кәсіпкер Бахтиёр Фазилов енді «Газли» газ қоймасының қожайыны атанғаны жазылған.

"Украинадағы соғыстан кейін қалыптасқан жаңа геосаяси жағдай тұсында Ресей Қазақстан және Өзбекстанмен «Газ одағы» деп аталатын құпия келісімге қол қойып, құбырларды кері режимге келтіріп, 2,8 миллиард текше метр газ импорттайтынын жариялады. Өзбекстан үкіметі 2023 жылдың 7 қазанында – Путиннің туған күнінде жасалған бұл келісімнен кейін қанша газ және қандай бағамен импортталатыны жөнінде мәлімет жарияламады" деп жазды Азаттықтың Өзбек қызметі.

Бір жыл бұрын Озодлик тағы бір зерттеу жариялап, онда Өзбекстанның энергетика секторын кімдер бақылап отырғанын түсіндірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның "газ келісіміне" шамданған Түркіменстан және "Теңізшевройлға" айыппұл астары