Израиль мен ХАМАС радикалды тобы (ЕО, Ұлыбритания және АҚШ-та террористік ұйым деп танылған) арасында атысты тоқтату және тұтқын алмасу туралы келіссөз тығырыққа тірелді, деп хабарлады Reuters агенттігі. ХАМАС бақылауындағы Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа батыс державалары алаңдап отыр.
Палестина жағынан келіссөзге қатысушылар – Катар мен Египет Рамазан айы кезінде 40 күнге атысты тоқтату режимін іске қосуға тырысып жатыр.
ХАМАС-ты АҚШ ұсынысын қабылдауға шақырған АҚШ президенті Джо Байден сейсенбі күні "Израиль жағы әріптестікке ынталы" деп мәлімдеген. Байденнің сөзінше, Вашингтон тұтқында отырған Израиль азаматтарын босатуды ұсынған. "Қазір мәселенің шешімі ХАМАС тобының қолында" деді Байден журналистерге.
Газа секторында жүздеген палестиналық осы аймаққа ұн, су, құрғақ тамақ жеткізетін жүк көліктерін аңдып келеді. БҰҰ мәліметінше, анклав халқының төрттен бірі тамақ тапшылығынан зардап шегіп отыр.
- Газа секторында соғыс 7 қазанда басталған. Ол кезде ХАМАС содырлары Израильге шабуыл жасап, соның салдарынан AFP мәліметінше шамамен Израильде 1200-ден астам адам өлген. Басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. ХАМАС шамамен 250 адамды кепілдікке алған. Кейбірі кейін өлтірілді.
- Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль шабуылының салдарынан елде кемінде 30 мың адам өлген, басым бөлігі – әйелдер мен балалар.
- The Guardian мәліметінше, кейінгі кезде Газаға көмек көлемі 80 пайызға қысқарған. Халықаралық агенттіктер Газа секторына гуманитарлық дағдарыс, аштық пен індет қаупі төнгенін айтқан.