Билік рұқсат еткен әйелдер шеруі қалай өтті?

Алматы әкімдігінің рұқсатымен өткен "Әйелдердің лайықты өмірі үшін" митингі. 7 наурыз, 2024 жыл

7 наурызда Алматыда әйел құқығын қорғауға арналған рұқсат етілген митинг өтті. Ұйымдастырушысы – қоғам белсендісі Бибінұр Шерәлиева. "Әйелдердің лайықты өмірі үшін" деп аталған шара әдетте рұқсат етілген науқандар өтетін Махатма Ганди атындағы саябақта болды.

"Әйелдердің лайықты өмірі үшін" митингі. 7 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстан феминистері әйелдер маршы мен шеру өткізуге рұқсат сұрап, бірнеше ай қатарынан әкімдікке өтініш жазған. Ақыры әкімдік рұқсат бермеді. Белсенділер билік біріне шеру өткізуге рұқсат беріп, келесі біріне тыйым салу арқылы "ойын шартын әкімдік белгілейді" дегенді білдіргісі келген шығар дейді.

Құқық қорғаушы, Алматыдағы 8 наурызға арналған феминистік маршты ұйымдастырушылардың бірі Татьяна Чернобыль Азаттықпен телефон арқылы сөйлескенде бұл жерде мәселе феминистерді "саяси қауымдастық деп танығанында" және олардың талабында деді.

– Мәселе өткізілетін шараның формасында емес, мазмұнында, – дейді Чернобыль. – Көріп отырғанымыздай, формасы жағынан соған ұқсас (пикеттер, митиңдер) шараларға рұқсат етіп, тіпті қолпаштап жатыр. Ал тура сондай келесі бір митингіге тыйым салады. Бұдан айырмашылығы талаптың сипаты мен мазмұнында деген ой түюге болады. Феминизм әлемнің барлық елінде талабын мемлекетке қояды, мемлекеттен әйелдерге қамқор болуды ғана талап етпейді, көңіл бөлуді, жауапкершілікпен қарауды және сол мемлекеттің өзі айқайлап айтатын гендерлік теңдікті сақтауын талап етеді. Біздің үкімет осыдан басын алып қашқысы келетін сияқты. Өзіне мұндай конструктив, ақылға қонымды талаптардың қойылғанын қаламайды. Мен мұны демократияның сынағы дер едім. Бұл сынақтан дәл қазір Алматы өте алмай отыр.

7 наурыздағы митинг

Ал енді Ганди саябағындағы жағдайға келейік. Сахнаның алдындағы алаңқайдың әр жерінде жастар топтасқан. Біреулер смартфонынан Instagram лентасын ақтарса, енді бірі жанындағы адаммен әңгімелесіп тұр, ал біреулер сахнадағы көріністі камераға түсіріп жатыр.

Сахнада көрініс шынымен елең еткізерліктей.

Қоғам белсендісі Бибінұр Шерәлиева ұйымдастырған шеру ресми іс-шара мен әзіл-сықақ қойылымының қосындысына ұқсайды. Бір жағынан спикерлер сахнада тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын шешу сияқты маңызды мәселелер көтерсе, екінші жағынан "дәстүрлі құндылықтар" туралы айтып, "Ирина Кайратовна" тобының хитіне би биледі.

Шара ә деп бастала бергенде ұйымдастырушы әйелдер түте-түтесі шыққан, кір-кір Қазақстан туын алып шықты.

– Біз Қаңтар оқиғасынан кейін жыртылып, қанға бөккен Туды ұстап шықтық, – деді Шерәлиева. – Бұл туды сақтап қойғанбыз. Өйткені отанымызды патриот аналар қорғауы тиіс деп ойлаймыз. Біз отбасының бақытты болғанын, әйелдің лайықты өмір сүргенін қалаймыз... Ұсыныстарымыз айтылған жерде қалмас үшін қарарға анықтап жазамыз. Қарарды 12 наурызда президент аппараты мен республика парламентіне ұсынамыз.

Шерәлиева шеру тәртібін бұзуға тырысқандарға ескерту жасалатынын да еске салып өтті.

– Қоғамдық салада он жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біз белсенді ретінде Қазақстанда 40-тан астам шеруге қатыстық. Бізді жазалап, айыппұл да салды. Бірақ бүгін ағымыздан жарылатын күн туды. Мемлекет билігі біздің сөзімізге құлақ асып, осы шеруге рұқсат берді! Бұл – біздің қоғам үшін атқарған неше жылғы жұмысымыздың жемісі!

"Әйелдердің лайықты өмірі үшін" митингісіне келгендер тұрмыстық зорлықтан өлген әйелдің суретін ұстап тұр.

Журналистер мен күштік құрылым қызметкерлерін қоспағанда, шеруге жүз шақты адам келді. Көбі – студенттер. Кейбірі қолына зорлық-зомбылық көріп қайтыс болған әйелдердің портретін ұстап алыпты. Барлығын бір баспаханадан шыққандай әсер қалдырады.

– Сіз әлдебір ұйымның өкілісіз бе? – деп сұрадым қолына сондай үш бірдей портрет ұстаған жас жігіттен.

– Жоқ, мен жеткізушімін. Маған осы портреттерді жасауға тапсырыс берді. Мен оларды шығарып, алғысы келгендерге таратып тұрмын. Басқа ешқандай ақпарат білмеймін, – деп жауап берді жас жігіт.

7 наурызда Алматыда өткен митинг.

Бірақ, бір қызығы жас жігіт портреттерді таратып болғанымен, алаңнан кетпеді. Кейіннен сахнаның алдында ораторларды ұйып тыңдап тұрғанын көрдім. Қолына зорлық-зомбылықтың тағы бір құрбанының портретін ұстап алыпты.

Шеруге қатысқандардың қимыл-әрекеті бір-біріне ұқсайды. Бәрі журналистерге жауап бергенде жүзін қолындағы марқұм әйелдің портретімен жауып алады. Аты-жөнін айтпайды.

19 жастағы қыз (жоғарыдағы суретте сол жақта тұрғаны) жиынға өз еркіммен келдім дейді. Айтуынша, "бұл өте маңызды шара, ұйымдастырушыларды қолдаған жөн". Бірақ ол есімін атаудан бас тартты. Алматы университеттерінің бірінде студент екенін ғана айтты.

"Феминизм мен ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы заңды талап етемін! ЛГБТ – дерт" деген плакат ұстаған жігіттің ғана іс-әрекеті басқаларға ұқсамады. Ол сахнадан сәл шеткеріде, жүзін жасырмай, көзқарасын батыл жеткізіп тұр.

– Сіз неліктен ЛГБТ-ны дерт деп ойлайсыз? – деп сұрады одан журналистердің бірі.

ЛГБТ-ға қарсы адам өз ұранын көтеріп тұр. Алматы, 7 наурыз, 2024 жыл.

– Бірден айтайын, дәрігер емеспін, бұл – менің жеке пікірім. Бірде мынадай жағдай болды. 2015 жылы Америка Құрама Штаттарында бір топ зерттеуші ЛГБТ – қалыпты нәрсе, оны қоғамда дамыту қажет деп өтірік ақпарат береді. Ең маңыздысы, бұл мүлде жалған нәрсе, олардың жазғанының бәрі өтірік, бос сандырақ. Бірақ олар мұның барлығын АҚШ-тың белді академиялық журналдарына жібереді. Олар оны жариялайды. Осыдан соң бұл мәселе ғылымда талқыланбайтын болған, өйткені ғылыми ортада басқа көзқарас қабылданбайды деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті біз ғылыми объективті көзқарас жоғын айттық. Сондай-ақ мен ЛГБТ-ның өзіне емес, ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы шығамын. Ал бұл екеуі – екі бөлек дүние. ЛГБТ-ны насихаттаудағы мақсат – қоғамға жазалау заңдарын таңу деген сөз. Еуроодақ елдері мен АҚШ мысалынан біз мұны өте жақсы көріп отырмыз.

Жігіт осыны айтты да кетуге ыңғайланды. Есімін атамады, бірақ Азаттықтың журналистерімен сөйлескісі келмейтінін жеткізді.

ЛГБТ күрескерінен жүз метрдей қашықтықта феминист белсенді Дария Рось та тұр екен. Дария Рось шеруге әкімдік әйелдерден қорқатынын айтып, пікір білдіру үшін келіпті. Ол былтыр қарашада да тек билікшіл топтардың митинг өткізуіне рұқсат берілгенін еске салды. Белсендінің айтуынша, сол митингіні ұйымдастырған "Жаңа адамдар" қозғалысы "Тоқаевты ерекше құрмет тұтады".

"Әйелдердің лайықты өмірі үшін" митингіне келіп тұрған феминист белсенді. 7 наурыз, 2024 жыл. Алматы

– Басқа белсенділердің шеру өткізгіміз келеді деген өтініші мақұлданбады. Мен Қазақстанның қарапайым азаматымын. Ешқандай құқық бұзбадым. Биыл митинг өткізуге төрт рет өтініш бердім. Бірақ ешқайсысы мақұлданбады. Мамандығым – құқықтанушы, заңға мойынұсынамын, ешқандай айыппұлым жоқ, өмірімде ешқашан пара бермедім, маған да солай заң аясында қараса екен деймін.

Осы кезде сахнада қызық көрініс басталды. Шақырылған спикерлердің бірі, белсенді Дильнар Инсеноваға сөз берілді. Иығына қасқыр терісін жамылған әйел ерекше көңілді. Жоспарланған сөзін айтпас бұрын кенет айқай салып:

– Митинг бұрынғыдай іш пыстырмасын, мен әуелі би билеп берейін. Содан кейін сөйлей жатармын! – деді.

Әйел солай деуі мұң екен, сахнада "Ирина Кайратовна" деген қазақстандық топтың былтырғы "Чина" атты хит әні ойнай жөнелді. Ал Инсенова шынымен екі иығын жұлып жеп билей бастады.

"Әйелдердің лайықты өмірі үшін" митингі. 7 наурыз, 2024 жыл.

Сол сәтте шеруге қатысқандар сахнаның қарсы бетінде зорлық-зомбылық құрбандарының портретін ұстап тұрған. Олардың алдында жұлқына билегені көзге ерсі көрінді. Шеруге қатысқандар күліп, белсендінің биін видеоға түсіре бастады. Кешкісін Инсенова билеген бейнеролик Қазақстанның бүкіл әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде тарап кетті.

Әбден билеп болғаннан кейін әйел микрофонға жақындады. Ол жастарды, өзінің ойынша, "тура жолға түсуге", "дәстүрлі емес қарым-қатынастан" аулақ болуға шақырды.

– Мен қарсылық білдіруге емес, қолдайтынымды айтуға келдім! Сіздің еркіндігіңіз, таңдауыңыз, драйвыңыз және ескі жүйеге қарсылығыңыз үшін осы жерде тұрмын. Жастар – жаужүрек, жалынды. Достар, мен консерватор ретінде дәстүрлі құндылықтарды қолдаймын. Қалай дұрыс деп санасаңдар, солай істеңдер. Бірақ оны насихаттаушы болмаңдар. Өйткені насихат абырой әпермейді. Ол сәнге айналады деп ойламаңдар. Досаевқа тағы да рақмет айтамын. 20 жылда маған алғаш рет шеруде ресми түрде сөз беріліп отыр. Әдетте мені тіпті үйімнен де шығармайтын. Ал қазір мен билеп те алдым. Сол үшін Досаевқа рақмет айтамын. Әзірше осы үшін ғана рақмет.

"Әйелдердің лайықты өмірі үшін" митингі. 7 наурыз, 2024 жыл. Алматы

Инсенованың сөздерінен кейін шеру шарықтау шегіне жетті. Одан кейін саябақта қызық қалмады. Журналистер митинг болған жерден біртіндеп кетіп қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ұят әрі қорқынышты болса да айтуға тиіспіз". Әйелдер зорлық-зомбылықты ашық айыптай бастадыЭкс-министрдің өз жұбайын өлтірді деген күдікпен ұсталғаны әйелдердің жағдайын өзгерте ала ма?