Мәскеудің Никулин аудандық соты жатақханадағы Wi-Fi желісін "Slava Ukraine" деп атаған Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті Олег Тарасовты 10 күнге қамады. Оны қамау туралы сот қаулысы Мәскеу сотының дерекқорында 7 наурызда жарияланды. Оған бірінші болып "Осторожно, новости" редакциясы назар аударды.
Тарасов "экстремистік символиканы" көрсеткені үшін кінәлі танылды. Сот одан Wi-Fi роутерін тәркілеуді бұйырған.
Тарасов Мәскеудің оңтүстігіндегі Мәскеу мемлекеттік университетінің жатақханасында тұрады. Сот қаулысына сүйенсек, ол жаңа роутерді былтыр қазанда сатып алған. Желінің атауына ішкі істер министрлігіндегі экстремизммен күрес орталығының қызметкері назар аударған.
Қаңтарда Ресей әділет министрлігі "Украина жасасын!" және "Қаһармандар жасасын" атты ұрандарға тыйым салған. Министрлік оны нацистік ұран деп таныған.
"Украина жасасын!" және "Қаһармандар жасасын" (Слава Україні! Героям слава!) – украин халқының патриоттық сәлем беру түрі. 2018 жылы Украина Жоғарғы радасы аталған екі тіркесті Украина қарулы күштері және ұлттық полицияның сәлем беру түрі деп бекіткен. Осылайша Украина бұған дейін пайдаланылып келген советтік сәлем беру түрлері "Сәлеметсіздер ме, жолдастар" және оған жауап ретінде айтылатын "Саулық тілейміз" деген тіркестерді қолданыстан алып тастаған.