Түркияда тәжік оппозиция тобының жетекшісі жоғалғаны хабарланды

Тәжікстандық "Группа 24" оппозиция тобының жетекшісі Сухроб Зафар із-түссіп жоғалып кетті. Бұл туралы 11 наурызда топ мүшелері мәлімдеді. Олардың сөзінше, Зафар Түркияда болған, 10 наурыз таңертеңнен бастап байланысқа шықпаған, телефоны сөндірулі тұр. Қазір оның қайда екені оларға белгісіз.

Белсенділер мәлімдемеде Тәжікстанда тыйым салынған ұйым жетекшісі кейінгі жылдары Түркияда болғанда үнемі қоқан-лоқы көргенін, "жақын арада өлесің" немесе "сені ұрлап әкетіп, Тәжікстанға жібереді" деген сарында хат алғанын айтады.

Ақпан айында топтың Түркияда жүрген өкілі Насимжон Шарифов та жоғалып кеткен. Белсенділер оның қазір қайда екенінен хабарсыз.

Сухроб Зафар 2014 жылы Тәжікстаннан Түркияға көшкен. Бұған дейін оны бірнеше рет ұстап, босатқан. Жақтастары бұл жолы оны ұрлап әкеткен болуы мүмкін деп күдіктенеді.

"Группа 24" ұйымын 2012 жылы тәжік кәсіпкері әрі оппозиционері Умарали Куватов (2015 жылы оны Стамбулда қастандықпен өлтіріп кеткен) құрған. Тәжікстан Жоғарғы соты қозғалысты экстремистік ұйым деп танып, 2014 жылдан бастап елде жұмыс істеуіне тыйым салған. Бұл ұйымға мүше болған ондаған адам сотталып, түрмеге жабылған.

Түркия кейінгі жылдары тәжік билігін сынағандар үшін пана болды, алайда қазір бұл елде қалу қауіпті бола бастады. Анкара — Душанбенің саяси және экономикалық жағынан маңызды серіктесі. Душанбе түрік үкіметінің басты қарсыласы Фетхулла Гүленнің мектептер желісінің жабылуына ықпал етті, ол ұйымның кем дегенде екі қызметкерін Түркия өтінішімен Тәжікстаннан экстрадициялады.

Құқық қорғаушылар Тәжікстанның шетелде және ел ішіндегі қарсыластарына қолданатын трансұлттық қуғын-сүргіннің күшейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.