Ресейдің тоғыз өңіріне дрон шабуылдады

12 наурызға қараған түні Ресейдің тоғыз өңіріне дрон шабуылы жасалды. Таңертең Белгород облысында зымырандар атып түсірілген. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі хабарлады. Мәскеу шабуылға Киевті айыптады.

Министрліктің мәліметінше, жиынтығы 25 дрон жойылған. Курск облысында 11 дронды, Белгород облысында жетеуін, қалғанын Брянск, Ленинград, Мәскеу, Орлов және Тула облыстарында атып түсірген. Воронежде бір дрон жойылған, бірақ Ресей қорғаныс министрлігі ол туралы хабарлаған жоқ. Тағы да сол Белгород облысының аспанында сегіз Vampire реактив снаряды мен бір "Точка-У" зымыранын атып құлатқан.

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков өткен түнде шабуылдаған дрон өңірге төрт жарылғыш зат тастағанын хабарлады. Кейін ол тағы бірнеше шабуыл болғанын мәлімдеді. Гладковтың айтуынша, шабуыл салдарынан Шебекинода бір тұрғын зардап шеккен. Үйлер мен жолдар да бүлінген, бірнеше елді мекен жарықсыз қалған.

Орлов облысы билігінің айтуынша, онда мұнай қоймасына түскен дроннан өрт шыққан. Жақын маңдағы көпқабатты үйлерден 17 адам эвакуацияланған.

Дрон шабуылынан Ресейдің Нижегородск облысындағы мұнай базасында да өрт болған. Бұл туралы облыс губернаторы Глеб Никитин хабарлады. Өртті өшіруге өрт сөндіру пойызы жіберілген, Никитин теміржолдағы қозғалыс реті бұзылған жоқ деп хабарлады.

Дрон шабуылдаған басқа аймақтардың билігі зардап шеккендер мен бүлінген үйлер туралы хабарлаған жоқ.

  • Ресей Украинаға басып кірген соң Ресей өңірлеріне ұдайы дрон шабуылдап жатыр. Бүлінген ғимараттар мен құрбан болғандар бар. Ресей қорғаныс министрлігі мұны Украина жасап жатқанын айтады. Киев мұндай хабарларға көбіне түсініктеме бермейді.