Ресейде соғысқа барамын дегендерді қылмыстық жазадан босататын заң қабылданды

Ресейдегі түрме.

Ресей мемлекеттік думасы Украинадағы соғысқа қатысу үшін елдің қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасқандарды қылмыстық жауапкершіліктен босататын екі заң жобасын үшінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы думаның баспасөз қызметі хабарлады.

Заңға сай, қорғаныс министрлігімен келісім-шартты жеңіл және орташа ауыр қылмысы үшін сотталғандар, ісі тергеліп жатқандар, күдіктілер жасаса алады.

Бірақ келісім-шартқа отырғандар мемлекеттік награда алса, әскерден денсаулығы я жасына байланысты кетсе, мобилизация не әскери жағдай аяқталғанда әскердегі қызметін аяқтаса ғана шартты жаса алады я жазасы жойылады. Яғни, қылмысқа айыпталғандар я күдіктілер қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасқан соң әскерден өз еріктерімен кете алмайды. Өз еркімен кетсе, қылмыстық ісі я жазасы қайта жалғасады.

Жаңа заң бойынша, қорғаныс министрлігімен келісім жасасқан адам әскери қызмет кезінде қылмыс жасаса, бұрынғы жазасының жалғасы ретінде қайта үкім шығарылады.

Бұл заң бойынша, адам я бала зорлағандар, экстремизм я терроризм бабымен сотталғандар, "мемлекетке опасыздық жасады, мемлекетке қауіп төндірді" деп сотталғандарға я күдіктілер босай алмайды.

Украинаға басып кірген соң Ресей әскерінде адам жетпей Мәскеу соғысқа түрмеде отырғандарды да тарта бастаған. Былтыр қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин әскерге қосымша күш жинау үшін елде "ішінара мобилизация" жариялаған еді. Бірақ сарапшылар Кремль жариялаған "ішінара мобилизация" толық мобилизацияға айналып кеткенін айтқан.