Ақтөбе облысының екі ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе қаласының су басқан көшесі. 28 наурыз, 2024 жыл

28 наурызда Ақтөбе облысының Қобда және Мұғалжар аудандарында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевтің сөзіне қарағанда, жексенбі, 24 наурызда күн күрт жылынып, қар ери бастаған. Ал сәрсенбі күні кешкілік Қобда өзені арнасынан тасып, ауылдың батыс бөлігіндегі 97 үйді су басып қалды. Тұрғын үйлерден бөлек он шақты ғимарат суда тұр. Оның арасында бизнес және әлеуметтік нысандар бар.

– Тасқынның беті әлі де қайтпай тұр. Сондықтан су басқан үйлер мен ғимараттар саны әлі де көбейе түсуі мүмкін. Бір жақсысы, мал-жан аман, – дейді Ізгілік Тынымгереев.

Әкімдік су таситынын тұрғындарға үш сағат бұрын ескертіп үлгергенін айтады. Оны тұрғындар да растады. Қобда ауылының тұрғыны Марина Есімова кешелі бері бала-шағасымен бірге Қобдадағы спорт кешенін паналап отыр. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде бұл отбасының саманнан соғылған үйі құлап қалған.

– Биыл су былтырғыдан екі-үш есе көп келді. Әлі де тоқтаусыз келіп жатыр.Үйімізді су басып қалғандықтан күйеуім екеуміз бес баламызды алып, сәрсенбі күні кешкі сегізде осында келдік, – дейді Есімова.

Көп балалы отбасы былтыр тасқын құлатқан үйін сүріп тастап, орнына жаңа баспана тұрғызып қойған. Құрылысы толық аяқталмаған үйді биыл да тасқын су басып қалған.

«Былтыр әкімдік 6 млн теңге өтемақы төлеп, сол қаржыға өз күшімізбен үй тұрғызып қойғанбыз. Биыл тағы су тасып, жиған-тергенімізден тағы да айырылып отырмыз. Құжаттарымыз бен балалардың керек-жарағын ғана алып үлгердік» деп қынжылады Марина.

2023 жылғы 13 наурызда Қобда ауылын су басқан. Ол кезде 79 үйді су алып, 400 адам эвакуацияланған.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақтөбе облысында аудан орталығын су басты. Құлаған үй-жай бар

Әкімдіктің мәліметінше, Мұғалжар ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғын үй саны Қобдадағыдай көп емес. Ресми деректе 15 үйге су кіргені айтылады. Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайдың жариялануын тасқын салдарынан республикалық маңызы бар тас жолдағы екі көпірдің бүлінуімен байланыстырып отыр.

Қарғын судан Ақтөбе облысындағы 12 ауданның Қарғалыдан өзгесі түгел зардап шеккен. Әсіресе Қобда ауданындағы ахуал қиын.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс аумағында су астында қалған үй мен ғимарат саны сағат сайын көбейіп жатыр. Әзірше екі жүзден астам тұрғын үй мен ондаған ғимаратты су басқаны белгілі.

Your browser doesn’t support HTML5

Су басқан өңірлерде ахуал қиын