29 сәуірде Астанадағы сот "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру тобының белсенділері Амангелді Жахин мен Марат Мұсабаевты 15 тәулікке қамады. Сот оларды "полицияның талабына бағынбады" деп айыптаған. Белсенділер өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
Жахин мен Мұсабаевтың ісін судья Сағидолдина қарады. Екі сот та онлайн өткен.
"Іс материалындағы видеожазбада сіз полиция қызметкерлерінің ғимаратты босату талабына бағынбай тұрғаныңыз көрінеді" деді судья Жахиннің сотында.
24 сәуірде "Алға, Қазақстан" бастамашыл тобының мүшелері әділет министрлігіне партия тіркеуге құжат тапсырған соң министрліктің қоғамдық қабылдауына барған. Кейін оларға полиция келіп, кеңсені босатуды талап еткен еді. Белсенділер ешкімге кедергі келтірмегенін айтқан. Жахин полицияның талабын азаматтардың конституциялық құқығына қысым деген еді. Кейін полиция кемі екі адамға әкімшілік хаттама толтырып, кетіп қалған.
"Белсенділер полиция талабын орындамаған соң екеуі 15 күнге қамалды. Мұны саяси қудалау деп қарастыруға болады" деді олардың адвокаты Мейірхан Досқараев соттан соң.
"АктивистерЭкстремистЕмес" құқық қорғау тобының дерегінше, 1 мамырда жарияланған бейбіт митинг алдында кемі үш адам ұсталған.
26 сәуірде ШКО Ұлан ауданында Руслан Нұрханов желіде шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың жұртты митингіге шақырған жазбасын бөліскені үшін 15 күнге қамалды. Оған "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айып тағылған.
Бұған қоса, 29 сәуірде Павлодарда белсенді Емберген Құрмановтың ұсталғаны хабарланды.
Мамырдағы мереке алдында 11 қалада белсенділер бейбіт митинг өткізуге өтініш берген еді, бірақ әкімдіктер митинг өткізетін жерлер бос емес деп рұқсат бермеген. Қазақстанда заң бойынша, жұрт бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс және жиындар билік белгілеген жерлерде өтуі тиіс.