Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Жетібай, Құрық, Мұнайшы елді мекендерінің жұмыссыздары билікке үндеу жолдап, жұмыспен қамту орталығынан бөлінетін жұмыс орындарын әділетті әрі заңды түрде үлестіруді талап етті. Олардың видеомәлімдемесі әлеуметтік желіде тарады. Онда олар жергілікті атқарушы билік өкілдерінің аты-жөнін атап, оларды қызметтен босатуды да талап еткен.
Видеомәлімдемеде ондаған адамның Жетібай деген үлкен жазу бар ауылдың кіреберісінде тұрғаны көрінеді. Олар ұстаған үлкен плакатта "Әділетті жұмысты талап етеміз!" деген жазу бар.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл үндеу жазылғанға дейін 3 сәуірде Жетібай кентінің орталығындағы мәдениет үйінде жұмыссыздық мәселесі талқыланып, оның соңы айғай-шумен аяқталған. (Ақпаратқа қарағанда, бір адам ашуланып өзін жарақаттаған. Алайда бұл оқиғаның жай-жапсары анықталмай жатыр).
"Ешқандай нәтиже жоқ, әкімдер өздері жан-жақта, халықтың мұң-мұқтажын тексере алмай отыр. Біз ешқандай заңсыздыққа барған жоқпыз. Халық ашынып кеткен. Келген жұмыс орындары әділетті бөлініп жатқан жоқ. Комиссия құрмай отыр" деді жиналысқа қатысқан тұрғындардың бірі Азаттыққа. Бірақ онымен кейін байланыс үзіліп, барлық сұрақтарға жауап ала алмадық.
Жетібай тұрғыны Айнұр Өтегенованың сөзінше, 12 мың халқы бар Жетібайды жұмыссыздық мәселесі қажытып жіберген.
"Келген жұмыс шынайы мұқтаж адамдарға беріліп жатқан жоқ. Үйінде жұмыс істейтін адамдары бар, жағдайы бар адамдар арасында өзара бөлісіледі. Қарапайым мұқтаж халық жұмысқа кіріп жатқан жоқ. Халықты осы нәрсе ашындырып отыр. Қара халық аш, жағдайы жоқ. Олардың үнін ешкім естімейді" деді ол.
Оның сөзінше, кешегі жиналыстан кейін тұрғындар стеласы бар ауылдың кіреберісіне шерулетіп барып, билікке үндеу жасаған. Жұмысты әділ үйлестіруді талап еткен.
Әлеуметтік желіде осы оқиғалардан бірнеше видео тарады. Солардың бірінде үлкен залға көп адам жиналғаны, бірнеше адамның ашуланған бір адамды тоқтатуға тырысып жатқаны көрінеді. Болжам бойынша, айналасындағылар өзін жарақаттығысы келген адамды олай жасамауға көндіріп жатқанға ұқсайды.
Мінберде отырған билік өкілі "халықты арандатпаңдар! Халықтың атынан шығатын біздер – жергілікті атқарушы органдар..." дейді.
Тұрғындардың сөзінше, жиналыс орта жолда осылайша айғай-шумен аяқталған.
Азаттық тілшісі 4 сәуірде Жетібай ауданы әкімдігіне хабарласты. Өзін әкімнің орынбасары ретінде таныстырған Рахат Қаратаев "жиналыста адам өзін жарақаттады" деген ақпаратты растамады. Оның сөзінше, жұмыссыздық мәселесі бар елді мекен тұрғындарына бұған дейін 200-250 мың теңгелік жалақысы бар жұмыс ұсынылған, алайда жұмыссыздар мұнай саласынан жұмыс талап еткен. "Жұмыс әділетсіз бөлінеді деген" уәжге қатысты ол нақты жауап берген жоқ.
Аудандық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, 12,9 мың халқы бар Жетібай кентінде 2025 жылы 2146 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Басқарма жетекшісі Дина Сайытованың айтуынша, мұнай саласына жұмысқа тұру үшін өзге елді мекен тұрғындарының осы жақтан тұрақты тіркеу алып, жұмысқа орналасу талпынысы бұған дейін анықталған және осы жайт жағдайды күрделендіріп отыр.
Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өңірінде жұмыссыздық мәселесі ушығып тұр. Аймақта жалақысы жақсы, тұрақты жұмыс талап еткен наразылықтар жиі болып тұрады. Жергілікті билік өкілдері "өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес" деген жауапты жиі қайталайды.