Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі "сауда соғысы" ушығып, ахуал нашарласа, Ұлттық қордан қаржы алу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамптың әлем елдерінен келетін тауарларға тарифтерді 90 күнге шегеру туралы ұйғарымын құптаған ол "сауда соғысы" салдарынан "әлем экономикасы құлдырап", "қарулы қақтығысқа" ұласуы мүмкін деп ескертті. Бұл жөнінде Ақорданың телеграм-арнасы хабарлады.
– Біз президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз, – деді Тоқаев.
Бұған қоса Тоқаев әлемде болып жатқан тарифке қатысты талас-тартысты "сауда соғысы" деп бағалап, оны "күрделі ахуал" деп сипаттады және мұның соңы "қарулы қақтығысқа дейін ұласуы мүмкін" деп ескертті.
– Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді, – деді Қазақстан президенті.
Тоқаевтың айтуынша, "тарифтік қақтығыстар саясаты" кесірінен қор биржалары мен шикізат нарығы "бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түскен". Трамптың тариф енгізуді кейінге қалдыру шешімінен соң жағдай "біршама тұрақталған".
– Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр, – деді Қазақстан президенті.
Оның айтуынша, бұл қиындықтарға қарамастан "Қазақста жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды".
– Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дегенмен ол "әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда" Қазақстан "Ұлттық қорының резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін" қолдануы мүмкін екенін ескертті.
- Қазақстан қаржы министрлігінің биыл қаңтардағы мәліметі бойынша, Ұлттық қордың қазір 57 миллиард доллар валюталық активі бар. Былтыр қордан үкімет 5,6 триллион теңге (10 миллиард доллардай) алған. 2024 жылы қазанда парламент алдағы жылдары да Ұлттық қордан трансферттер жасауды көздейтін заң жобасын мақұлдаған. Ол қаржы бюджет дефицитінің орнын толтыруға жұмсалады. Жыл басындағы мәлімет бойынша Қазақстанның 44,2 миллиард доллар алтын-валюта резерві бар.
- 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің 185 елінен келетін импорттық тауарларға, арасында Қазақстан да бар, баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Көбінің мөлшері 10 пайыздан көп. Қазақстаннан АҚШ-қа баратын тауарларға 27% баж салығы енгізу қарастырылған. Қазақстан үкіметі жаңа тариф АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың едәуір бөлігіне әсер етпейді деп мәлімдеген. 10 сәуірде Трамп АҚШ-тың көп сауда әріптесіне енгізген импорттық баж салығын 90 күнге тоқтататынын хабарлады.