АҚШ Еуропа мен Киевке соғысты аяқтау жоспарын ұсынған - WSJ

АҚШ, Украина және Еуропа өкілдерінің Париждегі кездесуі. 17 сәуір 2025 жыл.

АҚШ Украинаның Запорожье АЭС-інің аумағын өзінің бақылауына алуды ұсынған. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеп америкалық The Wall Street Journal басылымы жазды.

Ресей Запорожье АЭС-ін 2022 жылы наурызда басып алған еді.

Вашингтонның соғысты аяқтау жоспарында "АҚШ-тың Қырымды мойындау мүмкіндігі мен Украинаның НАТО-ға мүшелігін талқылаудан бас тарту" ұсынылған. АҚШ бұл құжатты 17 сәуірде Парижде Еуропа мен Украина тарабына берген.

Басылым дереккөзінің сөзінше, жоспардың кейбір тұсы Ресейдің талаптарына сай келмейді. Мәселен, АҚШ Украинаның төрт облысын – Запорожье, Херсон, Луганск, Донецк облыстарын Ресейдің жері деп мойындамайды. Бірақ құжатта "Ресей бұл аймақтардан әскерін шығаруы тиіс" деген талап жоқ.

Бұған қоса, құжатта Украина әскерін азайту керек деген ұсыныс жоқ және Украина аумағына еуропалық әскерилерді орналастыру ықтималдығы айтылған.

"Вашингтон алдағы күндері Лондонда өтетін АҚШ, Украина және Еуропа өкілдерімен жиында жауап алуды көздейді. Егер тараптардың ұстанымы сай келсе, құжатты Мәскеуге бермек" деп жазды The Wall Street Journal.

Басылым дереккөзі Лондондағы жиынға АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың Таяу Шығыс бойынша өкілі Стив Уиткофф, Украина мен Ресей бойынша өкілі Кит Келлог қатысады дейді. Осыдан соң Уиткофф тағы да Мәскеуге баруы мүмкін. Ол бұған дейін екі рет Ресейге барған еді.

Ал Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Украина мен Ресей "осы аптада келісімге келеді деп үміттенетінін" жазды.