Ресейлік хакерлер британиялық 8 әскери базаның ішкі құжаттарын жариялап жіберді

Ұлыбританияның Tornado GR4 жойғыш ұшағы.

Ресейлік хакерлер британиялық сегіз әскери базаның ішкі құжаттарын, ондағы қызметкерлердің жеке деректерін, киберқауіпсіздік жөніндегі нұсқаулықтарын жариялап жіберді. Бұл туралы жексенбі күні The Mail газеті хабарлады. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі бұл оқиға жөнінде тергеу бастағанын мәлімдеді.

Басылымның жазуынша, Lynx тобының хакерлері қорғаныс министрлігінің мердігері, әскери нысан салумен және оларға қызмет көрсетумен айналысатын Dodd Group компаниясына шабуылдаған. Қолды болған құжаттар арасында Kier дейтін тағы құрылыс компаниясының материалдары да бар. Хакерлер құпия құжат үшін ақша бопсалап, ұрланған құжаттарды біртіндеп жариялай бастаған.

Жария болған құжаттардың ішінде Корольдік әскери-әуе күштері базаларының сызбалары бар. Ол базаларда ядролық қару мен америкалық F-35 жойғыш ұшақтары сақталатыны, аса құпия радар станциялары мен әскери дрондардың негізгі хабы орналасқаны айтылады. Сондай-ақ Ұлыбританияның оңтүстігіндегі әскери-теңіз базалары туралы ақпарат та тарап кеткен.