"ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ӘДІЛДІКТЕН ҮМІТТЕНЕМІН"
Бажкенова адвокаты Мұрат Адам арқылы жіберген хабарламасында "заңдылық пен әділдікке үміттенетінін", "сынбағанын" айтты.
"Достарым, сабырлымын және сынбадым, қорғанамын" деген Бажкенова хабарламасында. "Бұл сәтте аяқталар, заңдылық пен әділдікке үміттенемін. Қолдауларыңызға рақмет, дәл қазір қолдау мен үшін өте маңызды".
1 желтоқсанда полиция Orda.kz сайтының Алматыдағы редакциясы мен бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізген еді. Редакцияға сайттың заңгері мен адвокаты кіре алмаған. Кешкісін Бажкенованың "көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" күдігімен екі айға үйқамаққа алынды.
Алматы қаласының полиция департаменті "Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды. Осылайша, азаматша Б.-ның әрекеттері жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған" деген еді.
Адвокат Мұрат Адам "полицияның тінту кезіндегі заңсыз әрекеттеріне байланысты полицияға, Бас прокуратураға, Алматы қаласының прокуратурасына шағым түсіргенін айтты. Бұған қоса, қорғаушы Facebook желісінде "адвокаттың заңды жұмысына кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрап, арыз түсірген" жазды.
"ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ"
Қазақстандағы журналистердің құқығын қорғайтын "Құқықтық медиа орталық" Orda.kz сайтының редакциясы мен бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үйін тінтігендегі "өрескел процессуальдық қателіктерге назар аударуға шақырды". Орталық "редакцияның әрекеті қоғамға қауіп төндірмегенін" атап өтті.
"Біз мұны медиа қызметкерлеріне психологиялық қысым, Қазақстан медиа кеңістігіне өзін-өзі цензуралау және үрей атмосферасын төндіру деп бағалаймыз. Журналистерге кәсіби міндетін сөз бостандығы және ақпаратқа қол жеткізу құқығын пайдалана отырып, кедергісіз орындауға мүмкіндігі болуы керек" деді орталық 2 желтоқсандағы мәлімдемесінде.
"Құқықтық медиа орталық" мемлекеттік органдардың әрекеті қаншалықты демократиялық принциптерге, конституциялық нормаларға сай келетінін тексеруге, ашық, әділ әрі заңды тергеу жүргізуге шақырды.
Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция. Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.
Бұған дейін "Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау ұйымы мен Қазақстан журналистер одағы да Бажкенованың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасаған.
"Әділ сөз" "тараптардың процессуальдық құқығы мен қылмыстық-процессуальдық кодекстің сақталуы керегіне назар аударады", ал Қазақстан журналистер одағы да істі "объективті тексеруге" шақырған.
2025 жылы шілдеде Orda.kz басылымының негізін қалаушы әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова иелігіндегі медианы билікпен байланысы бар адамдар рейдерлік жолмен тартып алғалы жатқанын мәлімдеген. Бұған дейін де түрлі қысым жасалып келді деген журналист сайтты алып қалу үшін Қазақстанның да, АҚШ-тың да сотына арызданып жатқанын айтқан.
Қыркүйектің басында Orda.kz басылымы өз дереккөзіне сүйеніп, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің бірқатар қызметкері ұсталды деп хабарлаған. Кейін Нұртілеу ел алдына шыққан соң Бажкенова өз сөзіне "дәлел барын", бірақ "жеңілгенін" айтып жазба қалдырған. Дегенмен, қозғалған қылмыстық істердің бұл оқиғаға қатысы бар-жоғы туралы ештеңе айтылған жоқ.