Түркия сыртқы істер министрі: ХАМАС Газа секторын басқаруды тапсыруға дайын

Газаның оңтүстігі. 25 қазан, 2025 жыл.

Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Катардағы форумда ХАМАС (АҚШ пен ЕО террористік топ деп таныған) Газа секторын басқаруды Палестина комитетіне тапсыруға дайын екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа әкімшілік пен полиция күштері ХАМАС қаруын тастағанға дейін жұмысқа кірісуі керек.

Фидан сенімді әкімшілік пен дайындықтан өткен қауіпсіздік күштері қалыптаспайынша ХАМАС-ты қарусыздандыру екіталай екенін атап өтті. Полиция күштерін халықаралық тұрақтандыру күштері қолдайды, бірақ Фидан миссияға қай елдердің қатысатынын нақтыламады.

Министр сонымен бірге ХАМАС жасағы полиция күштерінің құрамына кірмейтінін атап өтті. Егер ХАМАС пен Израиль атысты тоқтатудың келесі кезеңіне өтпесе, «бұл бүкіл әлем үшін, әсіресе АҚШ үшін сәтсіздік болмақ» деді Фидан.

Газа секторында ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату туралы келісімге қазан айында қол қойылды. Келісімнің бірінші кезеңінде 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС тұтқынға алған 20 израильдік босатылды, өз кезегінде Израиль түрмедегі палестиналықтарды босатқан.

Axios дерегінше, АҚШ президенті Дональд Трамп тараптар келісімнің екінші кезеңіне 25 желтоқсанға дейін көшеді.

Екінші кезеңде Израиль әскерінің басым бөлігін Газадан әкетуі керек, ол жаққа халықаралық қауіпсіздік күштері енбек. Бұған қоса, бұл кезең жаңа әкімшілік құрылымды да құруды қарастырады. АҚШ-тың ойынша, оған "бейбітшілік кеңесі" жетекшілік етеді, ол 10 араб және батыс елдерінің жетекшілерінен құралмақ.