"ЧЕМПИОНДЫҚ МІНЕЗІ БАР" ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖЕТІСТІГІ
"Жігіттер, бұл топтағы соңғы ойынымыз! Бүгін алаңға шыққан әрқайсымыз күшімізді осы алаңда қалдырып, 100 пайыз ойнайық! Дәл қазір ата-анамыз, ағайын-туыс, бауырларымыз бізге үміт артып отыр. Сол үмітті ақтап, елге жеңіспен, абыроймен қайтайық!", – деп шабыттандырды командаластарын жас капитан Расул Досан.
Расул бастаған Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасы алғаш рет жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаты іріктеуінің бірінші кезеңінен өтіп, шешуші кезеңге шықты.
Бірінші іріктеу кезеңінде Қазақстан Хорватия мен Албанияны 2:1 есебімен жеңіп, Нидерланд командасынан 1:4 есебімен жеңілді. Екі жеңіс жасөспірімдер құрамасын екінші іріктеу кезеңіне алып шықты. Енді Қазақстан жасөспірімдері 2026 жылғы мамыр-маусымда Эстонияда өтетін 17 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы Еуропа чемпионатына берілетін 8 жолдамаға таласады. Бәсекелестері – Чехия, Аустрия, Дания (іріктеу 25-31 наурызда Данияда болады).
Жас футболшылардың жетістігі мұнымен шектелген жоқ. Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасы да 2026 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеуінің бірінші кезеңінен сүрінбей өтіп, іріктеудің элиталы кезеңіне шықты. Бірінші іріктеу кезеңінде жастар Ирландияны 1:0 есебімен жеңіп, Кипрмен 1:1 есебімен тең түсті, ал Нидерланд ойыншыларынан 1:2 есебімен жеңілді. Бұл нәтиже Қазақстан жастарына келесі кезеңге шығуға жеткілікті болды. 19 жасқа дейінгі құрама екінші іріктеуде Украина, Румыния, Солтүстік Ирландиямен жолдамаға таласады. Бұл іріктеу кезеңі 25-31 наурызда Румынияда өтеді.
Қазақстанның 17 және 19 жасқа дейінгі құрамалары бұған дейін іріктеудің бірінші кезеңінен аса алмаған. Ылғи топтағы соңғы, 4-орын алатын. Сондықтан бұл жетістікті жанкүйерлер де, жас футболшылар да қуана қабылдады.
Сарапшылар жасөспірімдер құрамасында Алматыдағы Бұл - академияны "Қайрат" командасының иесі, ірі бизнесмен Қайрат Боранбаев құрып, басқарады. Ол 2023 жылы наурызда "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деген айыппен 8 жылға сотталған еді. Түрмеде отырған кезде "Қайрат" клубы мен академия Боранбаевтың иелігінде қала беретіні хабарланған. 2023 жылдың соңында Боранбаев қамаудан босап шыққан. Органдар Боранбаев "ірі мүліктерін мемлекет қазынасына өткізіп бергені" жайлы хабарлаған. шыққан жас футболшылардың көптігіне назар аударады. "Қайрат" академиясынан 17 жасқа дейінгі құрамада – 9 ойыншы, 19 жасқа дейінгі құрамада 14 ойыншы бар (құрамада барлығы 20-25 ойыншы болады).
– Жасөспірімдер құрамасында "Қайрат" академиясының түлектері өте көп. Олар бір жүйеде ойнап өскен, бір-бірін жақсы түсінеді, – дейді Qazsport телеарнасының спорт комментаторы Олжас Байбосын Азаттыққа.
Ал Vesti.kz спорт сайтының журналисі Димаш Төлегенов "қазіргі жас футболшыларда чемпиондық мінез бар" әрі "олар чемпиондықтың дәмін татқандар" деп санайды.
– Бұл футболшылар ойлауы, ой-өрісі бөлек. Жасөспірімдер құрамасының негізін "Қайрат" академияның ойыншылары құрайды. Ал "Қайрат" академиясының жас футболшылары Қазақстанның жасөспірімдер чемпионаты саналатын QJ лигада чемпион болды. Яғни, бұл футболшыларды чемпиондық мінез бар. Чемпион болғандары сенімділік пен ойын кездегі ойлауына әсер етеді, – деді ол.
Шерхан Қалмырза.
19 жасқа дейінгі құрамада қақпада "Қайрат" командасының қақпашысы Шерхан Қалмырза тұрды. Жас қақпашы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Алматыда өткен "Қайрат" - "Реал Мадрид" матчында алаңға шықты. Шерхан бес гол өткізіп алса да, қақпашыға жанкүйерлер қолдау білдіріп, кәсіпкерлердің бірі оған көлік те сыйлады.
Ал әлемге танымал "Реал" командасының Алматыға келуі Қазақстан футболының тарихындағы ең үлкен оқиғалардың бірі болды.
"ҚАЙРАТ" СТЕРЕОТИПТІ БҰЗДЫ"
"Қайрат" Чемпиондар лигасының іріктеуін басынан бастап, "Любляна" (Словения), КУПС (Финляндия), "Слован" (Словакия) командаларынан өтті. Ал шешуші плей-офф кезеңінде шотландиялық "Селтикпен" ойнап, екі матч та 0:0 есебімен тең аяқталған. Алматыдағы ойында пенальти тебіліп, "Қайрат" 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша "Қайрат" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған.
"Қайрат" футболшылары "Селтикті" жеңіп, Чемпиондар лигасына жолдама алған сәт. Алматы. 27 тамыз, 2025 жыл.
"Қайрат" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде жеңіске жете алған жоқ. Тек өз алаңында Кипрдың "Пафос" командасымен тең ойнады. Ал Миланда Италияның белгілі командасы "Интерден" 1:2 есебімен жеңілсе де, "Қайрат" ойыншыларының мықты бәсекелеспен иық тірестіре ойнағанына жанкүйерлер мақтау айтты.
– "Қайраттың" Чемпиондар лигасында шығуы "Қазақстан клубтары енді Чемпиондар лигасында ойнай алмайды, біздің максимум – Еуропа лигасы я Конференция лигасы" деген стереотипті бұзды. Бұл – біз үшін үлкен плюс, – дейді спорт журналисі Димаш Төлегенов.
"Қайрат" 2025 жылғы Қазақстан чемпионы ретінде 2026 жылғы Чемпиондар лигасының іріктеуіне қатысып, тағы да негізгі кезеңге шығуға таласады. Димаш Төлегеновтің пайымдауынша, "Қайратқа" жетістікті қайталау "психологиялық тұрғыда" оңай болмайды.
– 2026 жылы "Қайратқа" қарсыластар басқаша дайындалады. Бірақ Алматының командасы 2025 жылы еурокубоктарда жақсы ақша тапқанын ескеру керек. Енді осы ақшаны құраманы күшейтуге, мықты ойыншылар сатып алуға жұмсау керек, – дейді ол.
ДАСТАН СӘТБАЕВТЫҢ РЕКОРДТАРЫ
2025 жылғы маусымда "Қайрат" ойыншысы Дастан Сәтбаевтың карьерасында үлкен өзгерістер болды. 17 жастағы ойыншы Лондонның "Челси" командасымен келісім-шарт жасасты. Футболшы 18 жасқа толған соң, яғни, 2026 жылдың ортасында Англияға барып, "Челси" сапына қосылатыны айтылған.
Ал Дастан бұл маусымда "Қайраттың" құрамында Чемпиондар лигасында ойнады әрі Қазақстан чемпионы атанды. Ұлттық құрамаға да шақыртылды.
Чемпиондар лигасында Данияның "Копенгаген" командасының қақпасына гол салып, бұл турнирдің тарихында гол соққан ең жас бес ойыншының қатарына қосылды. Бұған қоса, 2026 жылғы әлем кубогының іріктеуінде Бельгия құрамасының қақпасына доп кіргізіп, ұлттық құрамада гол салған ең жас ойыншы атанды.
Дастан Сәтбаев Данияның "Копенгаген" қақпасына гол салған сәт. Копенгаген, 26 қараша, 2025 жыл.
Британиялық Guardian басылымы әлемде болашағынан зор үміт күттіретін 16-17 жастағы футболшылар тізіміне қазақстандық Дастан Сәтбаевты қосты.
2026 жыл да Дастан үшін маңызды болмақ. Бірақ сарапшылар жас футболшының "Челсидегі" карьерасы жөнінде айту әлі ерте деп санайды.
– Дастанның "Челсидегі" жолына қатысты сұрақ көп. Клуб оны негізгі командаға дайындай ма, екінші құрамында жаттықтыра ма, жастар командасына қоса ма, әлде басқа клубқа жалға бере ме, қазір айту қиын. "Челсиде" футболшы көп, әлемдік деңгейдегі кейбір футболшыларға "Челсиден" орын табыла бермейді. Басқа клубқа жалға берген жас футболшылары көп, Дастанмен бірге келесі жылы клубқа келетін ойыншылар да бар. Сондықтан барлығы "Челсидің" шешіміне байланысты болмақ, – дейді Димаш Төлегенов.
Ал спорт комментаторы Олжас Байбосын Сәтбаев үшін "Челсиге" бірден бару қиын деп топшылайды.
– Францияның "Страсбург" клубына жалға берілуі мүмкін деген ақпарат шықты. "Қайрат" сапында тағы бір жылға қалуы да мүмкін. Мұны да жоққа шығаруға болмайды, – деді ол.
ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ҮШІН АЛА-ҚҰЛА ЖЫЛ
Жасөспірімдер құрамасының жетістігі жанкүйерлерді қуантқанымен, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 2025 жыл ала-құла болды. 2026 жылы өтетін әлем кубогына іріктеуде Бельгия, Уэльс, Солтүстік Макендония, Лихтенштейн бар топта 4-орынды місе тұтып, жолдамасыз қалды.
Ресейлік маман Станислав Черчесов бас бапкер қызметінен кетіп, оның орнына жергілікті маман Али Алиев тағайындалған. Бірақ Алиев жаттықтырған құрама іріктеудің бес ойынында Лихтенштейнді ғана жеңіп (2:0), Уэльс, Бельгия (0:6 есебімен ойсырай ұтылды), Солтүстік Макендониядан жеңілді. Осыдан соң Алиевтің орнына қазақстандық Талғат Байсуфинов уақытша бас бапкер болып келді. Байсуфинов дайындаған құрама Лихтенштейнді 4:0 есебімен жеңіп, Солтүстік Македония және Бельгиямен (1:1) тең түсті.
Комментатор Олжас Байбосын іріктеудегі соңғы ойында Бельгиямен тең түсу "жанкүйерлерге жұбаныш болды" деп санайды.
Футболдан Қазақстан құрамасы Солтүстік Македонияға қарсы ойында. Астана. 4 қыркүйек, 2025 жыл.
– Бірақ құрама үшін 2025 жыл сәтсіз жыл болды деуге болады. Себебі ұлттық құрама әлем чемпионатына шыға алмады. Бельгиямен тең түскен матчта құраманың ойыны жақсарғандай, жігіттер жігерленіп ойнағандай болды. Дегенмен көршілес Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына жолдама алып жатқанда Қазақстанның өте алмағаны жанкүйерлерге қатты әсер етті, – деді ол.
Ал Димаш Төлегенов 2025 жылы Сәтбаев, Қалмырза, Ғалымжан Кенжебек сынды жас футболшылар Қазақстандағы академиядан шығып, құрамаға шақыртылып, Чемпиондар лигасында гранд клубтармен ойнауға болатынын дәлелдеді деп есептейді.
– Сондықтан алдағы уақытта футболдағы жағдай одан әрі жақсара түседі деп ойлаймын. Кейбір сарапшылар Қазақстанды "футбол елі емес" деп жатады, бірақ биыл Қазақстаннан да мықты ойнайтын футболшылар шығатынына куә бол бастадық, – дейді спорт журналисі.