Қостанай тұрғыны "Тиктокта қазақтарды қорлағаны үшін" сотталды. Адвокат үкіммен келіспейді

Қостанайдың 44 жастағы тұрғыны Юлия Хон "Тиктоктағы тікелей эфирде қазақтарды қорлағаны үшін" екі жылға сотталды. Қостанайдағы №2 сот тұрғынды "Ұлт араздық қоздыру" бабымен айыпты деп тапқан. Бұл туралы сотқа сілтеп Tengrinews және Tobolinfo сайттары хабарлады.

Соттың хабарламасына қарағанда, Хон 2024 жылы қарашада Тикток желісінде Ресей мен Украина арасындағы соғысты талқылаған тікелей эфирге кіріп, қазақтарды қорлайтын сөз айтқан.

Істі қараған сот Хонның кінәсі тікелей эфирден алынған видеомен, куәгерлердің сөзімен, сараптамамен дәлелденді деп тапқан. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Сот үкіміне сай, ол жазасын қатаңдығы минимальды колонияда өтеуі тиіс.

Айыпталушының адвокаты Валерий Ли Tobolinfo сайтына "тікелей эфирде Хонды да қорлағанын, ал Хон бүкіл ұлтты емес, нақты адамды балағаттағанын" айтқан. Қорғаушы үкімге қарсы шағым түсіретінін де жеткізген.

Соттың хабарлауынша, Хонның көзі көрмейтін ұлы бар екені ескеріліп, жазасы жеңілдетілген.

  • Қазақстанда әлеуметтік желіде, көшеде қандай да бір ұлтқа, елге қарсы балағат сөз айтқан адамдар Қылмыстық кодекстегі "Ұлтаралық, діни алауыздық қоздыру" бабымен жауапқа тартылады.
  • Былтыр Threads платформасында қазақтар мен мұсылмандардың намысын қорлайтын пікірлер жариялаған қарағандылық Алика Мұхамадиева осы баппен 3,5 жылға сотталған. Сот Мұхамадиеваның екі жасар баласы барын, айыпталушының сот процесі кезінде кінәсін толық мойындап, өз ісіне шын жүректен өкінгенін ескеріп, оның жаза өтеу шарасын кейінге қалдырған еді.
  • Бұған қоса, Ресейшіл мазмұндағы бейнероликтер жариялап танылған көкшетаулық блогер Аслан Төлегенов те "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен 3 жыл 9 айға сотталған.
  • Былтыр қарашада Алматы облысында "Қытай туын өртеген" 19 адам "алауыздық қоздыру" айыбымен істі болып жатыр.
  • Ал Алматыда сот Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған бес жыл бас бостандығын шектеу жазасын кескен. Ол пабликте "Йоу, орыстар" әнін қолданғаны үшін жауапқа тартылды.