АҚШ Иран шенеуніктеріне санкция салды. Трамп "дарға асу тоқтады" дейді

Тегераанда жүрген жұрт. 14 қаңтар 2026 жыл.

АҚШ Иран билігіндегілерге және банк өкілдеріне санкция салды. Құқық қорғау ұйымдары наразылықта 3428 адам қаза тапты дейді. Ал Иран сыртқы істер министрі "мыңдаған адам қаза болды" деген ақпаратты жоққа шығарады.

15 қаңтарда АҚШ Иран билігіндегі ресми шенеуніктер мен банк жүйесіндегі адамдарға наразылықты күшпен басып әрі мұнайдан түскен ақшаны ұрлады деп санкция салды.

"Президент Трамптың бұйрығымен қаржы министрлігі Иранның белді лидерлеріне наразылықты күшпен басып-жаншығаны үшін санкция салады. Қаржы министрлігі адам құқығын айуандықпен басқан режимді жазалу үшін барлық әдісті қолданады" деді АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент.

Иран билігі 28 желтоқсанда басталған режимге қарсы наразылықты күшпен басқан. Бұл - Иран режимі 1979 жылғы революциядан бері тап болған ең үлкен наразылық.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаншылған көтеріліс. Иранда не болып жатыр? — AzatNEWS l 15.01.2026

Норвегияда орналасқан Iranian Human Rights Organization ұйымы наразылықтан кемі 3428 адам қаза тауып, 18 мыңнан аса адам жараланды дейді. АҚШ-тағы HRANA ұйымы 14 қаңтарда 2435 адам қаза болғанын айтқан. Бірнеше күннен бері Иранда интернет пен байланыс сөніп тұр. Сондықтан Ирандағы жағдайдан толық ақпарат алу, қаза тапқандардың нақты санын анықтау қиын. Көтерілісте мерт болғандардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Азаттықтың Иран қызметіне хабар жіберіп жүрген ирандық журналиске такси жүргізушілері "күштік құрылымдар медицина орталықтарына шабуылдап, наразылықта жараланғандарды әкетіп жатқанын, ал әкетуге жарамайтындарды өлтіргенін" айтқан. Азаттық бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексере алмайды. Бірақ Иранның ішінен жеткен басқа хабарларда наразылыққа шыққандарды ұрып-соғып, өлтіріп жатқаны айтылады.

26 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТКЕ ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ОРЫНДАЛДЫ МА?

Бұған дейін құқық қорғау ұйымдары наразылықта ұсталған 26 жастағы Ерфан Солтаниге шыққан өлім жазасы 14 қаңтарда орындалады деген еді. Солтанидің туыстары ВВС сайтына осындай хабар берген. Оған "Құдайға қарсы шықты" деген айып тағылғаны айтылған. Ал 13 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран наразыларға өлім жазасын орындай бастаса режимге қиын болатынын ескерткен еді.

Ерфан Солтани

Ал Норвегияда орналасқан Hengaw құқық қорғау ұйымы Солтанидің туыстарына сілтеп, 14 қаңтарда өлім жазасы орындалмағанын айтқан. Иранның сот жүйесі 15 қаңтарда Караджа қаласындағы түрмеде қамауда отырған Солтани өлім жазасына кесілмегенін айтты. Сот жүйесі Солтани өлім жазасына кесілді деген ақпарат "қолдан жасалған" деп отыр.

14 қаңтарда Трамп "өте маңызды дереккөздеріне" сілтеп, "Иран наразыларды өлім жазасын кесу жоспарын тоқтатып қойды" деген.

Иранда наразылықта қаза тапқандарды жерлеу жалғасып жатыр. Мәселен, наразылықта қаза болған 16 жастағы жасөспірім Алиреза Сейдидің жерлеуінде жұрт Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейге қарсы ұрандатқан. Иранның Абданан қаласында туған Алиреза 9 қаңтарда Тегерандағы наразылықта оққа ұшқан.

ИРАН БИЛІГІНІҢ ЖАҢА МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи америкалық Fox News телеарнасына берген сұхбатында наразылықтан қаза тапқандар "жүздеген адам ғана" деп, мыңдаған адамның қазасы жайлы хабарларды "дезинформация" деді. Ол Иран билігі қаза тапқандардың нақты санын "жақында жариялайтынын" айтады.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи.

Аракчи қаза болғандарды "террористер" деп отыр. Министр "Израильдің көмегімен қаруланған террористер қаза тапқандардың санын өсіру үшін полицейлер мен адамдарды әдейі атты. Олар АҚШ президенті Дональд Трамптың Ирандағы жағдайға араласуына алдын ала жағдай жасамақ болды" дейді. Аракчи бұл сөздеріне дәлел ұсынған жоқ.

Иран билігі 28 желтоқсанда басталған көтерілістің қатысушыларын "террористер" деп атап, басып-жаншыған.

Аракчи "наразылық тоқтады, кейінгі төрт күнде ешқандай наразылық пен тәртіпсіздік болмады" деп отыр. Бұған қоса, ол ешкім дарға асылмағанын, өлім жазасы орындалмағанын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи кім және жұрт оған неге қарсы?