Тәжікстан қауіпсіздік қызметі "Ауғанстаннан келген төрт террористің көзін жойдық" дейді

Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы тау.

Тәжікстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстаннан шекара бұзып өткен "төрт террористі" атып өлтіргені жайлы есеп берді.

Арнайы қызмет "18 қаңтар түнгі 00:30-да төрт адам Ауғанстанның Дарбандак ауылы мен Тәжікстанның Шамсиддин Шохин ауданы тұсынан шекара кесіп өтті" дейді.

Жедел-іздестіру кезінде олардың жасырынған жері анықталған, бірақ олар шекарашылардың берілу туралы бұйрығын орындамай, оқ атқан.

"Атыс кезінде террористік ұйымның төрт мүшесінің көзі жойылды" дейді Тәжікстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Комитет үш Калашников автоматы, винтовка, оқ, үш ұялы телефон, бір рация, бір қайық тәркіленгенін айтады. Бұл оқиғадан соң Тәжікстан "Терроизм", "Шекараны заңсыз кесіп өту", "Қаруды заңсыз ұстау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.

24 желтоқсанда Тәжікстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстаннан келген үш «террористі» өлтіргендерін мәлімдеген. Атыс кезінде тәжікстандық екі шекарашы қаза тауып, екеуі жараланған еді. Арнайы қызмет "Ауғанстаннан келгендер шекара постына шабуыл жасамақ болды" деген еді.