РЫБАКИНА БӘСЕКЕЛЕСІНЕ "БАГЕТ ҰСТАТТЫ"
Әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина ширек финалда әлемнің екінші ракеткасы поляк Ига Швентекті 7:5, 6:1 есебімен жеңді. Теннисте 6:1 есебін "багет" дейді. Француз наны бір санына ұқсас болғандықтан теннисте 6:1 есебі "багет" деп аталып кетті. Сондықтан желіде жанкүйерлер "Рыбакина Швентекке багет ұстатып жіберді" деп жазып жатыр.
Енді Рыбакина Australian Open жарысының жартылай финалында америкалықтар Джессика Пегула (6-ракетка) мен Аманда Анисимова (4-ракетка) арасындағы ойынның жеңімпазымен ойнайды. Қазақстан теннисшісі алғашқы төрт айналымда рейтингте өзінен төмен тұрған теннисшілерден басым түсті.
Рыбакина мен Швентек (сол жақта) матчтан кейін қол алысып тұр. 28 қаңтар, 2026 жыл.
Рыбакинаның биылғы Australian Open-де бірде-бір сет жеңілмегені, бес ойында кортта аз уақыт жұмсағаны, кейінгі 19 ойынның 18-інде жеңіске жеткені сарапшылар арасында да, жанкүйерлер арасында да талқыланып жатыр.
"Рыбакина ТОП-10 құрамындағы 8 теннисшіні қатарынан жеңді. Теннистегі ең мықты доп асырудың шебері" деп жазды Х желісіндегі The Tennis Letter парақшасы.
"Рыбакина керемет, әсіресе екінші сетте ғажап ойнады. Бір эйсінің жылдамдығы 192 км/сағат болды" деп жазды португалиялық теннис комментаторы Хосе Моргадо Х желісінде.
Рыбакина мен Швентек – бітіспес қарсыластар. ТОП-10 теннисші қатарында тұрғандықтан ірі жарыстардың шешуші кезеңдерінде бір-бірімен жиі ойнайды. Мәселен, былтыр бес рет кездесіп, төртеуінде Швентек, біреуінде Рыбакина жеңген.
Қазақстан теннисшісі Сауд Арабиясында өткен Жыл бойы рейтингте көп ұпай жинаған 8 үздік теннисші қатысатын қорытынды турнир. Бұл жарыс Grand Slam санатына енетін төрт турнирден кейінгі бесінші беделді турнир саналады.жылдың қорытынды турнирінің жартылай финалында басым түскен еді. Рыбакина сол турнирде Швентекті ғана емес, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы да (Беларусь) жеңіп, чемпион атанған.
Рыбакина Australian Open жарысының жартылай финалына екінші рет шықты. Ол 2023 жылғы турнирдің финалында ойнап, Соболенкоға есе жіберген. Жалпы Қазақстан теннисшісі бір рет Grand Slam жарысын жеңген. Яғни, 2022 жылы Лондондағы Wimbledon турнирінде чемпион болған. Ол – Grand Slam турнирін жеңген алғашқы қазақстандық теннисші.
ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛҒА ШЫҒУ ҮЛКЕН ЖЕТІСТІК ПЕ?
Теннисте жүлде қоры, ұпайы және беделі жоғары төрт турнир бар. Бұл – Аustralian Open, Францияда өтетін Roland Garros, Британияда болатын Wimbledon және АҚШ-тағы US Open жарыстары. Grand Slam деп аталатын додалардың ширек финалына, жартылай финалына шығу да жетістік саналады. Себебі берілер ұпайы да, сыйақысы да жоғары.
Мысалы, Рыбакина жартылай финалға шыққаны үшін шамамен 841 мың доллар және 780 ұпай иеленді. Ал жеңіске жеткен теннисші бұдан да көп қомақты қаржы мен рейтингіне 2000 ұпай алады. Сондықтан көп теннисші үшін Grand Slam жарыстары маңызды.
ҚАЗАҚСТАНҒА АУЫСУ, РЕСЕЙДІҢ СОҒЫСЫ ЖАЙЛЫ ПІКІРІ
Мәскеуде туған Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Қазақстан теннис құрамасындағы ойыншылардың басым бөлігі Ресейден келген. Олардың қатарында Юлия Путинцева (2012 жылы келген), ерлер арасында әлемнің оныншы ракеткасы Александр Бублик (2016 жылы келді) бар. Бұл теннисшілердің бәрін миллионер Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясы шақырған.
Биылғы Australian Open жарысында Рыбакина мен Путинцеваның (бұл жарыста үш қарсыласын жеңіп, төртінші айналымға дейін жетті) нәтижесінен бөлек олардың азаматтық ауыстыруы да сөз болды. Журналистер Ресейде туған екі теннисшінің Қазақстан паспортын алғанына біраз жыл болса да, Қазақстанға ауысуы жайлы сұрақтар қойды.
Сондай сауалдардың бірі қойылғанда Путинцева Қазақстанға алғыс айтып, Ресейдің Украинаға соғысын да сөз етті.
- Мен бір жағынан, өзімді қазақ сезінемін, Қазақстан маған карьерамды құруға көмектесті. Әрқашан қолдап, көмектесті. Әрине, мен Ресейден шықтым, Ресейді ел ретінде жақсы көрем, бірақ қазір болып жатқан жағдайды емес... Яғни, ол туралы айту қиын. Ештеңе айтқым да келмейді. Айтқым келетіні, Қазақстаннан бұрын-соңды болмаған қолдау көрдім, - деді ол.
Юлия Путинцева Australian Open жарысында. 23 қаңтар 2026 жыл.
Журналистер Рыбакинадан да Қазақстан құрамасына ауысу карьерасына қаншалықты көмектескенін сұрады. Рыбакина "карьерасын жалғастыру қаржы жағынан қиын болғанда Қазақстан көмектескенін" айтады.
- Мектеп бітірген соң АҚШ-қа оқуға бару немесе кәсіби спортқа кету туралы шешім қабылдау керек болды. Бірақ қаржы жағынан оңай болмады. Қазақстанға және федерациямызға көмегі мен қолдауы үшін алғыс айтамын. Біраз уақыттан бері Қазақстанның намысын қорғап, көп жеңіс әкелген кезде балалардың саған таң қала қарайтынын көру керемет. Меніңше, Қазақстанда теннис қатты өсті, - деді Рыбакина 26 қаңтардағы баспасөз мәслихатында.
Рыбакина Швентекке қарсы ойында. 28 қаңтар 2026 жыл.
Ресей теннис федерациясынан қаржылай қолдау таппаған теннисшілердің біразы басқа елдің азаматтығын алған. Қазір Қазақстан құрамасындағы теннисшілердің көбі Ресейден шыққан. Ішінде ерлер арасында әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик те бар.
Рыбакина беделді Wimbledon турнирін, әйелдер арасында жылдың қорытынды жарысын жеңгенде, Бублик әлемнің 10-ракеткасы болғанда ресейлік жанкүйерлер мықты теннисшілердің Ресейден кетіп жатқанын сынға алады.
Ресей теннисшілерінің басқа елге кетуі тыйылған жоқ. Биыл ресейлік үш теннисші - Камила Рахимова, Полина Кудерметова мен Мария Тимофеева Өзбекстанға ауысты. Ал Дарья Касаткина Австралияға, Анастасия Потапова Австрияға, Элина Аванесян Арменияға кеткен. Бұған Ресейдің Украинаға басқыншы соғысы да ықпал етті. Себебі соғыс басталғалы Ресей спортшыларының олимпиадаға, басқа да ірі жарыстарға қатысуы қиындады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Рыбакина WTA Finals турнирінде жеңіске жетті. Жеңісі үшін $5,2 млн алады