Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина (әлемнің 5-ракеткасы) Australian Open жарысының финалына шықты. Ол жартылай финалда америкалық Джессика Пегуланы (6) жеңді 6:3, 7:6 (9:7).
Рыбакина бірінші сетте оңай жеңіске жеткенімен, екінші сет қиындау болды. Қазақстан теннисшісі 5:3 есебімен алда келе жатқанда Пегула есепті теңестіріп кетті. Кейін Рыбакина тағы бір брейк жасап 6:5 есебімен алға шыққанда америкалық теннисші де брейк жасап, есепті теңестірді – 6:6. Матч жеңімпазы тайбрейкте шешіліп, Рыбакина 9:7 есебімен басым түсті.
Елена Рыбакина жаттықтырушысы Стефано Вуковпен (оң жақта) ақылдасып тұр. Мельбурн. 29 қаңтар 2026 жыл.
"Өте стреске толы ойын болды. Бірнеше жыл бұрын эпикаға толы тайбрейк ойнап жеңіліп қалған едім (Рыбакина 2024 жылғы Australian Open жарысының екінші айналымында ресейлік Анна Блинковадан шешуші сеттің тайбрейгінде 20:22 есебімен жеңілген еді - Ред.). 2024 жылғы тайбрейк әйелдер арасында ойналған ең ұзақ тайбрейк болды деп ойлаймын. Сол кез қайтала ма деген ой да келді" деді Рыбакина матчтан кейін.
Теннис жайлы жазатын The Tennis Letter паблигі ойыннан соң Рыбакинаның "шешуші сәтте сенімді әрі салқынқанды болғанын" атап өтті.
Қазақстан теннисшісі финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен (Беларусь) ойнайды. Шешуші ойын 31 қаңтар таңғы 05:30-да басталады. Соболенко жартылай финалда украиналық Элина Свитолинаны 6:2, 6:3 есебімен жеңді.
Рыбакина да, Соболенко да финалға дейін бірде-бір сет жеңілмай, алты ойынды да екі сетте аяқтады. Екі теннисші былтыр Сауд Арабиясындағы WTA Finals турнирінің финалында ойнап, Рыбакина екі сетте басым түскен еді.
Қазақстан теннисшісі Australian Open жарысының финалына екінші рет шықты. 2023 жылғы финалда Соболенкоға екі сетте есе жіберген.
"2023 жылғы финал керемет шайқас болған еді. Сол кезде ойынның соңына қарай сәл жақсырақ ойнап кетті. Жеңіске жетуге де лайық болды. Финалда тек рахаттанып ойнағым келеді. Бүгінгі ойынмен салыстырғанда доп асыруым жақсырақ болады деп үміттенемін. Бұл маған көмектесері анық. Көреміз, ойынды асыға күтемін" деді қазақстандық теннисші.
Жалпы Рыбакина Grand Slam жарыстарының финалына үшінші рет шығып отыр. 2022 жылы Англиядағы Wimbledon жарысында жеңімпаз атанған еді.
Рыбакина Australian Open жарысының финалына шыққанының арқасында, финалдың нәтижесіне қарамастан келесі аптадан бастап әлемдік рейтингіде 5-орыннан 3-орынға көтеріледі.
Ресейде туған Елена Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Оны Қазақстан құрамасына миллионер Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясы шақырған. Рыбакина "карьерасында қаржылық қиындықтар болған кезде Қазақстан көмектесті" деп алғыс айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өзімді қазақ сезінемін". Рыбакина мен Путинцеваның жеңісі де, Қазақстанға ауысуы да сөз болды