Еуроодақ кремльшіл жүргізушілер Екатерина Андреева мен Павел Зарубинге жеке санкция салды. Тиісті шешім Еуроодақтың ресми журналында жарияланды.
Андреева мен Зарубинадан бөлек, тележүргізуші Мария Ситтель, спорт комментаторы Дмитрий Губерниев, балет әртісі Сергей Полунин мен рэпер Рома Жиганға (толық аты-жөні Роман Чумаков) шектеу қойылды.
ЕО құжатында тізімдегі адамдардың Ресей билігінің “әрекеті мен саясатын қолдап, сол арқылы пайда тапқаны” және бұл Еуроодақ пен Украинадағы “деморатия, заң үстемдігі, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретіні” жазылған. Мәселе “ақпаратты бұрмалау” мен соғысты қолдау жөнінде болып отыр дейді Еуроодақ билігі.
Құжатта мысалы, Екатерина Андрееваның Украинаға қарсы соғыс туралы дезинформация таратып, соғысты тұрақты түрде насихаттап жүргені жазылған. Ресей әскері мен өздерін республика жариялап алған “Донецк халық республикасы” мен “Луганск халық республикаларын” қолдайтыны жазылған.
Кремльшіл тілші Павел Зарубинді ЕО-да Ресей президенті Владимир Путиннің “күн тәртібінен хабардар пропагандист” деп атайды. Атап айтқанда, оның Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері бірінші болып Путиннен сұхбат алғаны және тұрақты түрде дезинформация тарататыны жазылған. 2025 жылы Ресей президентімен “тікелей эфир” кезінде Зарубин соны жүргізген екі тілшінің бірі болды.
Санкция осы Еуроодақ елдеріне кіруге тыйым салады және Еуропа банктеріндегі активтерін бұғаттауды қарастырады.