Әлемнің бесінші ракеткасы Рыбакина Australian Open финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы (Беларусь) үш сетте жеңді - 6:4, 4:6, 6:4.
2 сағаттан астам уақытқа созылған матчта барлығы үшінші сетте шешілді. Рыбакина үшінші сетте 0:3 есебімен жеңіліп жатып, 6:4 есебімен басым түсті.
Ойыннан кейін Рыбакина "Қазақстанға рақмет, аренадағы мына бұрыштан көп қолдауды естідім" деп финал өткен Род Лайвер аренадағы қазақстандық жанкүйерлерге қарады. Ол жарысты ұйымдастырушыларға, командасына, дәрігерлерге, демеушілеріне, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа (аренада отырды) алғыс айтты.
"Бүгін Қазақстан теннисшілері осынды бірнеше матч өткізді (Анна Данилина жұптық сында сербиялық Александра Круничпен финалда ойнап жеңілді. Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы турнирде жартылай финалда қарсыласына жол берді – Ред.). Мақтан тұтам және мықты нәтиже көрсетуді жалғастырамыз деп үміттенемін" деді Рыбакина марапаттау рәсімінде.
Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Australian Open финалында. 31 қаңтар 2026 жыл.
Қазақстан теннисшісі бұл жеңісі үшін рейтингіне 2000 ұпай және 2,7 млн доллар сыйақы алады. Келесі аптадан бастап ол әлемдік рейтингіде бесінші орыннан үшінші орынға көтеріледі.
Бұл – Рыбакинаның карьерасындағы екінші Grand Slam титулы. Ол 2022 жылы Британияда өтетін Уимблдон жарысында жеңіске жеткен. 2023 жылы Рыбакина мен Соболенко Australian Open жарысының финалында ойнап, сол кезде Беларусь теннисшісі басым болған еді.
Елена кейінгі 20 матчтың 19-ында жеңіске жетті. Рейтингте ондықта тұрған ойыншылармен кейінгі уақытта өткізген он ойынның бәрінде жеңді.
Британиялық экс-теннисші Анннабель Крофт BBC Radio 5 эфирінде "Рыбакина бабында болса, жарақатсыз ойнаса, вирус жұқтырып алмаса, жеңілмейтін ойыншы. Соққылары таза, тіпті дыбысы да бөлек. Соққыларын төмен әрі көлденеңнен ұру ғажап. Допты корттағы сызықтарға да дәл түсіре алады. Доп асырулары да таң қалдырады. Рыбакина әйелдер теннисінде доп асырудан ең мықты теннисші деп санаймын" деді.
Ал 1987 жылғы Уимблдон жарысының ерлер арасындағы жеңімпазы австралиялық Пэт Кэш BBC Radio 5 эфирінде "Рыбакина үшінші сетте Соболенкодан жеңіліп жатқан. Арина екінші брейк жасауға да жақын болды. Бірақ Рыбакина Аринаның доп асыруында белсенді бола бастады. Бұл матчтағы шешуші сәт болды. Рыбакина бойындағы қобалжулардың бәрінен арылды" деп баға берді.
Рыбакина мен Соболенко финалдағы ойыннан кейін. 31 қаңтар 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рыбакинаны Australian Open жарысындағы жеңісімен құттықтады. "Сіз жеңіске деген ерік-жігеріңіз бен мінсіз шеберлігіңізді тағы да дәлелдедіңіз, бұған бүкіл әлемнің теннис қауымдастығы сүйсіне қарады" деді Тоқаев құттықтауында.
Ресейде туған Елена Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Оны Қазақстан құрамасына миллионер Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясы шақырған. Рыбакина "карьерасында қаржылық қиындықтар болған кезде Қазақстан көмектесті" деп алғыс айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теннисші Елена Рыбакина Australian Open жарысының финалына шықты