Өзбекстан экстрадициясын талап еткен қарақалпақ белсендісі Жұманиязов та Қазақстаннан кетті

Расул Жұманиязов

Өзбекстан экстрадициясын талап еткен қарақалпақ белсендісі Расул Жұманиязов Қазақстаннан Батыс елдерінің біріне кетті. Бұл туралы Қазақстандағы адам құқықтары бюросы хабарлады.

Бюроның ақпаратынша, Жұманиязов Батыс елдерінің бірімен келісімнің арқасында Қазақстаннан шығып кеткен.

Өзбекстанда іздеу жариялануына байланысты Жұманиязов 2024 жылы наурызда Астанада ұсталған. Ол бір жыл қамауда отырып, 2025 жылы наурызда босап шықты. Ол Өзбекстанда арнайы қызметтің қудалауына байланысты Қазақстанға 2022 жылы наурызда өткен. Түркімендік Хельсинки қорының хабарлауынша, Өзбекстанда оған "қоғамдық тәртіп пен қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін материалдарды әзірлеу, сақтау, тарату және көрсету" бабы бойынша айып тағылған.

Расул Жұманиязов – Өзбекстаннан Қазақстанға қашқан қарақалпақ белсенділердің соңғысы. Бұған дейін Жангелді Жақсымбетов, Зиуар Мирманбетова, Раиса Құдайбергенова, Тілеубике Юлдашева Қазақстаннан АҚШ-қа кеткен. Тағы бір белсенді Қошқарбай Төремұратовқа Польша босқын мәртебесін берген. Тағы бір белсенді Ақылбек Мұратбай да Қазақстаннан кеткен. Бұл белсенділердің бәрі Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, ала алмаған.

  • 2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Құқық қорғаушылар бұдан да көп адам өлген болуы мүмкін деп санайды.
  • Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті. Наразылықтан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан. Бірақ құқық қорғаушылар қарсылық білдірген қарақалпақ белсенділерін жазалап, қудалауды күшейткенін айтқан. Қазақстанда Өзбекстан өтінішімен қарақалпақ белсенділері ұстала бастады.