Конькишілер 1000 және 1500 метрлік жарысқа "оптимизммен" қарайды

Қазақстандық Надежда Морозова 3000 метрлік жарыста. 7 ақпан 2026 жыл.

Италияда өтіп жатқан қысқы олимпиадада қазақстандық конькиші Надежда Морозованың алтыншы орнын бас бапкер "өте жақсы көрсеткіш" деп бағалап, алдағы күндері болатын 1000 және 1500 метрлік жарысқа "оптимизммен қарайтынын" жеткізді.

Миландағы олимпиадада 3000 метрге конькимен жүгіруде қазақстандық Надежда Морозова – алтыншы, Елизабета Голубева оныншы орын алды. 27 жастағы Морозова бұл қашықтықты 4:01.20 минутта жүгіріп өтіп, 3000 метрде карьерасындағы ең үздік уақытты көрсетті.

Ресейден Қазақстан құрамасына ауысқан Елизабета Голубева Миландағы олимпиадада. 7 ақпан 2026 жыл.

Олимпиада чемпионы атанған италиялық 35 жастағы Франческа Лоллобриджида 3.54.28 минутта жүгіріп, олимпиада рекордын орнатты. Морозова чемпионнан 6.92 секунд қалып қойды. Конькимен жүгіруде де жүлдегерлерді бірнеше секунд шешеді.

Италиялық Лоллобриджида туған күнінде олимпиада алтынын жеңіп алды. Ол 2022 жылғы олимпиадада осы қашықтықта күміс медаль алған еді. Кейін ұлын өмірге әкеліп, спортқа қайта оралған. Миланда 3000 метрде күмісті норвегиялық Рагне Виклунн (3.56,54), қоланы канадалық Валери Мальте (3.56,93) иеленді.

3000 метрде олимпиада чемпионы болған Франческа Лоллобриджида ұлымен отыр. Милан. 7 ақпан 2026 жыл.

КОНЬКИДЕН 1998 ЖЫЛДАН БЕРГІ ЕҢ ҮЗДІК НӘТИЖЕ

Бұған дейін Ресей құрамасында болған, кейін Қазақстан азаматтығын алған Елизабета Голубева ондыққа енген соң "нәтижеме көңілім толады, өзіме жарайсың деп айтамын" деді.

Ал конькиден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Панфилов Морозованың алтыншы орны Қазақстан конькишілерінің олимпиададағы үздік нәтижелерінің бірі екенін атап өтті.

"Екі спортшымыздың ондыққа енуі – жақсы нәтиже. Осыған дейінгі [Пекин] олимпиадасында Надежда Морозова 3000 метрлік жарыста 13-орын алған. Бұл жолы алтыншы орын – үлкен жетістік. Көрсеткен уақыты да жеке рекорды. Қазақстан конькиден 2014 жылғы [Сочи олимпиадасында] жетінші орын алған. Сол нәтижені жақсарттық. Ал жалпы конькиден Людмила Прокашеваның олимпиададағы медалінен бергі ең жақсы нәтиже. 3000 метр – екі спортшымыздың ыңғайына келетін қашықтық емес. Екеуі де 1000 және 1500 метрге машықтанған. Сондықтан алдағы жарыс күндеріне оптимизммен қараймыз" деді бапкер.

Қазақстандық Людмила Прокашева 1998 жылы Наганода (Жапония) өткен қысқы олимпиадада 5000 метрге конькимен жүгіруден әйелдер арасында қола медаль иеленген еді. Ал Сочи олимпиадасында ерлер арасында 1000 метрлік жарыста Денис Кузин 7-орыннан көрінген.

Надежда Морозова 3000 метрлік жарыстан соң. Милан. 7 ақпан 2026 жыл.

Бұл олимпиадада әйелдер арасында 1000 метрлік жарыс 9 ақпанда, 1500 метрлік жарыс 20 ақпанда болады. Морозова желтоқсанда Норвегияда өткен әлем кубогының бір кезеңінде 1500 метр жарысында күміс медаль алған еді.

Ресейдің Киров облысында туған Елизавета Голубева 2022 жылғы Пекин олимпиадасында Ресей олимпиада комитетінің атынан барып, 1500 метрге жетінші орын алған еді. 2020 жылы әлем чемпионатында 1500 метрде, 2021 жылғы әлем біріншілігінде 1000 метрде қола медаль алған. Бұл жарысқа ол Ресей құрамасы сапында қатысқан еді.

Голубева Қазақстан құрамасына 2023 жылы ауысқан.