"ТЫМ КӘРІСІҢ ДЕП ҚҰРАМАДАН ШЫҒАРЫП ТАСТАҒАН"
Аустриялық 52 жастағы сноубордшы Клаудия Риглер карьерасындағы бесінші олимпиадасына қатысты. Ол параллель слалом жарысында бәсекеге түсіп, финалдық кезеңге дейін жетті.
"Жасым қаншаға келгені жайлы ойламаймын. Біреу жасың нешеде деп сұраса ғана есіме түседі. Жарысқа түскенде де басқа қыздардың да, өзімнің де жасымды ойламаймын" деді ол олимпиададан кейін.
Риглер – Милан олимпиадасына қатысып жатқан жасы ең үлкен спортшылардың бірі. Ол алғаш рет 1994 жылы алғашқы халықаралық жарысына қатысқан. Содан бері үлкен спортта жүр.
Клаудия Риглер Италиядағы олимпиадада. Ливиньо. 8 ақпан 2026 жыл.
Риглер 30 жасқа толғанда Аустрия құрамасының бапкерлері жасың келді деп ұлттық құрамадан шығарып тастаған. Ол бапкерлерінің бұл шешімі қате болғанын дәлелдегісі келгенін айтады.
"Менің ең үлкен мотивациям – жасым. Себебі отызға толғанда тым кәрісің деп құрамадан қуып шыққан еді" деді спортшы.
Клаудия үш жыл жеке спортшы ретінде жарысқа қатысып жүріп, 2005 жылғы әлем кубогындағы нәтижесінен соң құрамаға қайта алынады. 2015 жылы 41 жасында сноубордтан параллель гигант жарысында әлем чемпионы атанған.
Риглер биыл елі Австрияда өтетін әлем чемпионатына қатысып, одан кейін карьерасын аяқтамақ.
Италиядағы олимпиадада сноубордтан биг айр жарысында бельгиялық 15 жастағы Скай Риманс жарысқа қатысты. Финалға өте алмаса да ол Италиядағы олимпиаданың ең жас қатысушысы ретінде тарихта қалады.
15 жастағы Скай Риманс жарыста. Ливиньо. 8 ақпан 2026 жыл.
ТАУДАН ҚҰЛАҒАН ШАҢҒЫШЫНЫ ТІКҰШАҚПЕН ӘКЕТТІ
Тау шаңғысынан әйелдер арасында таудан шапшаң түсу жарысында америкалық 41 жастағы Линдси Вонн жолда құлап, оны таудың ортасынан тікұшақпен алып кетті. Сөреден шыға сала таудан жылдамдықпен түсіп келе жатқанда Вонның шаңғысы жиекте тұрған жалаушаға ілініп кетті. Кейін ол шаңғысын басқара алмай құлады.
Спортшы орнынан тұра алмай, медициналық көмек көрсететін команда оны таудың ортасынан тікұшақпен көтеріп алып кетті. Стадионға жиналған жұрт спортшыға көмекке келген медициналық командаға, Воннға құрмет көрсетіп, тікұшақты қол шапалақтап шығарып салды.
Тауда құлаған спортшы Линдси Воннды тікұшаққа көтеріп жатқан сәт. Беллуно. 8 ақпан 2026 жыл.
Кейін спортшының тізесіне операция жасалғаны хабарланды. Вонн олимпиада алдында тізесін жарақаттап алған еді, соған қарамастан жарыс жолына шыққан.
Тау шаңғысы қиын спорт түрлерінің бірі саналады. Спортшылар таудан орташа алғанда 100-120 км/сағ жылдамдықпен түседі.
Линдси Воннды тікұшаққа салып жатқан сәт. Беллуно. 8 ақпан 2026 жыл.
Вонн 2010 жылғы олимпиаданың чемпионы, екі мәрте қола медаль алған. Биылғы ойындар оның карьерасындағы соңғы олимпиада болмақ.
СПОРТШЫЛАРДЫҢ АРТЫНАН ЕРГЕН ДРОН
Милан-Кортина олимпиадасында алғаш рет тау шаңғысы, коньки, шана спортында жылдам дрондар түсірілімге пайдаланып жатыр. Спортшылар жарыс жолына шыққанда артынан дрон еріп, түсіріп жүреді. Мұны телетрансляциядан байқауға болады әрі спорт аренадан да, теледидардан да дронның ызылдаған даусын анық естуге болады.
Дрондар тау шаңғысы кезінде 120 км/сағ жылдамдықпен сырғанап бара жатқан спортшының артынан жақын әрі жылдам жүріп отырады.
Тау шаңғысы жарысындағы дрон. Бормио, 7 ақпан 2026 жыл.
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) дрондар телетрансляцияның сапасын арттыру үшін қолданылып жатқанын, дрондардың дауысына қатысты көрермендер мен спортшылардан шағым болмағанын айтады.
"Мұны спорттағы эволюция деп қарастырамыз. Дрондар спортшыларға айтарлықтай әсер етпейді деп санаймыз. Біз бұл мәселені зерттеп, сенімді болған соң енгіздік. Дрондар спортшылардың нәтижесіне, олардың жарысына кедергі келтірмейді" деді Миландағы баспасөз мәслихатында ХОК-тың спорт директоры Пьер Дюкре.
ЖАРЫСТАН ШЫҒАРЫЛҒАН ҚАЗАҚСТАН БИАТЛОНШЫЛАРЫ
Биатлоннан аралас эстафетада (екі ер мен екі әйел спортшы қатысады) Қазақстан құрамасы 21 елдің арасынан соңғы орынды алды. Владислав Киреев пен Әсет Дүйсенов эстафетаны жақсы бастап, Қазақстан құрамасы 12-орында келе жатқан. Бірақ Милана Генева мен Айша Рақышева жеңімпаз болған Франция құрамасынан бір айналымға қалып қойды. Биатлон ережесі бойынша бір айналым қалып кеткен ел жарысты тоқтатады.
Биатлоннан эстафета жарысы. Оңтүстік Тироль. 8 ақпан 2026 жыл.
Биылғы маусымда Қазақстан биатлон құрамасы аралас эстафетаның көбінде жүлдеге ілінген құрамалардан бір айналым қалып, жарысты аяқтай алмаған.
Your browser doesn’t support HTML5
Олимпиадаға келген спортшы профессорынан үй тапсырмасын кейін жіберуге уақыт сұрады