Украиналық скелетоншы соғыста қаза тапқан спортшылардың суретімен жарысқа қатыса алмайды

Владислав Гераскевич Италиядағы олимпиадада.

Халықаралық олимпиада комитеті украиналық скелетоншы Владислав Гераскевичке соғыста қаза тапқан спортшылардың суреті жабыстырылған шлеммен олимпиадаға қатысуға тыйым салды.

Гераскевич кеше, 9 ақпанда Италиядағы олимпиадада соғыста қаза болған украиналық спортшылардың суреті жабыстырылған шлеммен жаттығуға шыққан еді. Ол бұл шлеммен олимпиадада 12 ақпанда өтетін ресми жарысқа шыққысы келген.

"Жүрек ауыртатын шешім. ХОК бұрын олимпиада қозғалысының бөлшегі болған, бірақ енді ешқашан олимпиадаға қатыса алмайтын спортшыларға аренада құрмет көрсетуге тыйым салды. Осы арқылы ХОК бұл спортшыларды сатып кеткендей" деп жазды Гераскевич инстаграмында.

Спортшының сөзінше, оған бұл шешімді ХОК өкілі Тошио Цурунага хабарлаған. Гераскевич бұл олимпиадада италиялық сноубордшы Роллан Фишналлер шлеміне Ресейдің туын жабыстырып шыққанын еске салды. Фишналлер 2014 жылғы Ресейдің Сочи қаласында өткен олимпиадаға қатысқан еді. Украиналық скелетоншы шешімге шағым түсірмек.

Артынша Украина ұлттық олимпиада комитеті ХОК тарапынан шлемге тыйым салынғанын растады. Дегенмен ХОК Украина спортшыларына қара лента байлап шығуға рұқсат еткен.

Your browser doesn’t support HTML5

Украиналық скелетоншы шлеміне соғыста қаза тапқан спортшылардың суретін жабыстырып шықты

Гераскевич кеше, 9 ақпанда жаттығудан кейін шлемін көрсетіп, "Бұл адамдар өмірден өтті, соғыста қаза болды. Барлығы – украиналық атлеттер. Кейбіреуі бала еді, енді олар ешқашан жарысқа қатыса алмайды. Олар әртүрлі қалаға жасалған шабуылдан қаза тапты. Кейбірі жасөспірімдер арасындағы олимпиадаға қатысқан" деген еді.

Гераскевич 2022 жылы ақпанда Пекин олимпиадасында "Украинада соғысқа жол жоқ" деген плакат көрсеткен еді. Араға бір аптадан аса уақыт салып, Ресей Украинаға басып кірген. Киевтің ресми мәліметінше, Украинаның 400-ден аса кәсіби спортшысы соғыста қаза тапқан.