Италиядағы қысқы олимпиадада мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық Михаил Шайдоров ерлер арасында чемпион атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы олимпиадада 32 жылдан кейін алған алғашқы алтыны. Ал мәнерлеп сырғанауда анық фаворит саналған, жанкүйерлер арасында "Куад құдайы" деген лақап аты бар америкалық Илья Малинин екі рет құлап, жүлдесіз қалды.
Шайдоров қос бағдарламада 291,58 ұпай иеленіп, бірінші орынға шыққанымен, төрт басты қарсыласы негізгі бағдарламасын орындауы тиіс болған. Бірақ Шайдоровтың 291,58 ұпайы өте жоғары еді, Миландағы журналистер Қазақстан спортшысында кемі қола медаль болатынын айтып жатты.
Михаилдан кейін мұзға шыққан италиялық Даниэль Грассл мен франциялық Адам Сия Хим Фа бағдарламаларын таза орындай алмай, Шайдоров кем дегенде қола медаль алатыны белгілі болды. Қысқа бағдарламадан кейін екінші келе жатқан жапон Юма Кагияма да құлап, еркін бағдарламасын таза орындамады. Осы тұста Шайдоров күміс медаль позициясына шықты.
Михаил Шайдоров олимпиадада өнер көрсетіп жатқан сәт. Милан. 13 ақпан 2026 жыл.
Ал соңғы болып айдынға екі дүркін әлем чемпионы, екі жылдан бері қатысқан жарыстарының бәрінде жеңілмеген америкалық Илья Малинин шықты. Ол жеті мәрте "куад" (төрт айналым элементтерді мәнерлеп сырғанауда quad деп атайды) элементін орындамақ болған. Бірақ Малинин екі рет құлап, екі элементін секіре алмай қалды. Қысқа бағдарламадан кейін бірінші орында тұрған ол қорытынды есепте 8-орынға түсіп кетті. Бағдарламасы сәтсіз аяқтаған Малинин басын ұстап, өкініп мұздан шықты. Ал Шайдоров олимпиада чемпионы болғанын түсінген сәтте таң қалып, абдырап қалды. Малинин Шайдоровтың жанына келіп, оны алтын медалімен құттықтады.
Илья Малинин құлаған сәт.
Күмісті Юма Кагияма, қоланы Шун Сато (екеуі де – Жапония) иеленді.
Марапаттау рәсімінен кейін Шайдоров журналистерге "Жеңістен кейін сезім керемет. Мен бұл жеңіске ұзақ жол жүріп келдім. Негізі мұзға шыққанда олимпиадаға қатысудан рахаттанып, бүкіл жаттығуда үйренгенімді, еңбегімді көрсетуді қаладым. Бүгін қолымнан келді, себебі қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Өмір мені осы үшін марапаттаған сияқты" деді.
Азаттық: Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрдыңыз, көш басындағы Илья Малинин, Адам Сия Хим Фа, Юма Кагиямадан біраз ұпай қалып қалдыңыз. Бір жағынан қазақстандықтар сізден жүлде күтті. Қысым болған жоқ па?
Михаил Шайдоров: Қысым болды. Себебі әлеуметтік желіде мен туралы пост өте көп шығып жатты. Желі мен туралы ғана айтып жатты. Бірақ бұл маған керісінше мотивация берді. Пост жазған, видео жасаған, экран алдында, трибунада қолдаған жандарға көп рақмет. Күні бойы мұзға шығатын сәтті күттім. Себебі мұзға шығып, созбақтамай сырғанап тастағым келді.
Шайдоров, Кагияма (сол жақта), Шун Сато (оң жақта) марапаттау рәсімінде.
Азаттық: Бүгін техниканың ғана емес, психология мен қысымды еңсерудің жарысы болғандай. Қысымды азайту үшін не істедіңіз?
Михаил Шайдоров: Лего құрастырдым.
Азаттық: Сіз негізгі бағдарлама алдында жариялаған жоспарда төрт рет "куад" секірем деп көрсеттіңіз. Бірақ мұз айдында бес рет "куад" секірдіңіз. Бұл тактика болды ма?
Михаил Шайдоров: Негізі бес рет куад секірем деп олимпиадаға келмей тұрып жоспарладым. Соған дайындалдым. Себебі олимпиадада қолымнан келгеннің бәрін істегім келді, осы уақытқа дейін үйренгенімді көрсеткім келді. Ал ең бірінші элементім (үш айналым аксель+төрт айналым сальхов каскады, мұндай элементті тек Шайдоров секіре алады – Ред.) – менің көзірім. Биыл бірнеше жарыста бұл элементті секіре алмаған едім, бірақ бұл жолы бәрі сәтімен болды.
Азаттық: Сіз бүгін алтын адам деп мүлде ойламаған сияқтысыз.
Михаил Шайдоров: Алтын медаль аламын деп күтпедім. Илья Малинин жеңеді деп ойладым. Негізгі бағдарламаны жақсы сырғанасам медаль болып қалар деп ойладым. Бірақ маған жақсылап сырғанап, былтырғы маусыммен салыстырғанда қаншалықты өскенімді, Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың өскенін көрсету маңызды болды. Себебі жаттығуымның көбін Қазақстанда өткізген едім.
Азаттық: Жарыс аяқталған соң Илья Малининмен не сөйлестіңіздер?
Михаил Шайдоров: Ол мені құттықтап "лайықсың" деп айтты. Мен "сенімен бірге бір мұз айдында сырғанау мен үшін үлкен мәртебе" дедім.
Малинин Шайдоровты жеңісімен құттықтап тұр.
Азаттық: Аренаға Қазақстан жанкүйерлері көп жиналды. Қолдауды сезіндіңіз бе?
Михаил Шайдоров: Қолдау өте керемет болды. Жарыс кезінде аренадан мұнша көп Қазақстанның туын көрмеген едім.
Азаттық: Сочи олимпиадасында қола медаль алған, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Теннің жетістіктері сізге қалай әсер етті? Себебі сіз кішкентай кезіңізде Денис Теннің шеберлік сыныбына қатысқан видеоңыз желіде тарап кетті.
Михаил Шайдоров: Денис Тен маған ғана емес, бүкіл Қазақстандағы мәнерлеп сырғанауға оң әсер етті. Себебі ол көп мәнерлеп сырғанаушыларға жол ашты. Соның ішінде менің де жолымды ашты. Менің медалім Қазақстандағы жаңа ұрпаққа жол ашады деп ойлаймын.
Мәнерлеп сырғанау жарысының қорытындысы
Қос бағдарлама қорытындысы:
1. Михаил Шайдоров (Қазақстан) — 291,58
2. Юма Кагияма (Жапония) — 280,06
3. Шун Сато (Жапония) — 274,90
4. Ча Чун Хван (Корея) — 273,92
5. Стефен Гоголев (Канада) — 273,78
6. Петр Гуменник (Бейтарап атлет) — 271,21
7. Адам Сяо Хим Фа (Франция) — 269,27
8. Илья Малинин (АҚЩ) — 264,49
9. Даниэль Грассль (Италия) — 263,71
10. Ника Эгадзе (Грузия) — 260,27
Еркін бағдарлама (13 ақпан):
Михаил Шайдоров (Қазақстан) — 198,64
Стефен Гоголев (Канада) — 186,37
Шун Сато (Жапония) — 186,20
Петр Гуменник (Бейтарап атлет) — 184,49
Ча Чун Хван (Корея) — 181,20
Юма Кагияма (Жапония) — 176,99
Ника Эгадзе (Грузия) — 175,16
Даниэль Грассль (Италия) — 170,25
Эндрю Торгашев (АҚШ) — 170,12
10. Као Миура (Жапония) — 170,11
15. Илья Малинин (АҚШ) — 156,33
Қысқа бағдарламадан кейінгі жағдай былай болған (10 ақпан):
Илья Малинин (АҚШ) — 108,16
Юма Кагияма (Жапония) — 103,07
Адам Сяо Хим Фа (Франция) — 102,55
Даниэль Грассль (Италия) — 93,46
Михаил Шайдоров (Қазақстан) — 92,94
Ча Чун Хван (Корея) — 92,72
Кевин Аймоз (Франция) — 92,64
Эндрю Торгашев (АҚШ) — 88,94
Шун Сато (Жапония) — 88,70
10. Стефен Гоголев (Канада) — 87,41
11. Кирилл Марсак (Украина) — 86,89
12. Петр Гуменник (Бейтарап атлет) — 86,72