Мизерных олимпиадада тұғырдан секіруде 8-орын алды. Бұл - 19 жастағы спортшы үшін үлкен жетістік

Италияда өтіп жатқан қысқы олимпиадада қазақстандық қазақстандық 19 жастағы Илья Мизерных шаңғымен үлкен тұғырдан секіруде 8-орын алды. Бұл – Қазақстанның шаңғымен секіруден қысқы олимпиадалардағы ең жоғарғы нәтижесі. Кейінгі үш олимпиадада қазақстандық тұғырдан секірушілер 40-60 орындарды алатын.

Алматылық Мизерных бірінші секірісінде 140,5 метрге, екіншісінде 136 метрге секірді. Олимпиадада Мизерныхтан басқа ешкім 140,5 метрге секірген жоқ Бірақ ол жерге қонған кезде сәл қателесіп, төрешілерден төмендеу ұпай алды.

Дегенмен қазақстандық Италиядағы олимпиадада Германия, Финляндия, Франция, АҚШ, Швейцария спортшыларын озды. Бұл – Мизерныхтың да карьерасындағы ең үздік нәтижесі.

Спортшы жарыстан кейін Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетіне "Біздің спортта атақ-дәреженің, жастың аса маңызы жоқ. Ең бастысы - тәжірибе. Тәжірибелі спортшыға мұндай психологиялық қысымда өнер көрсету әлдеқайда жеңіл. Жас маңызды рөл атқармайды. Мен әлі жасөспіріммін, бірақ 30-дан асқан спортшыларды артта қалдырдым. Бүгін үшінші орын алған Польша спортшысы да менімен құрдас - 19 жаста. Өзіме деген сенімім артты. Енді әлдеқайда салмақты түрде секіретін боламын. Бәрі енді басталып жатыр" деген.

Жас спортшы 2024 жылы Кангвонда (Корея) өткен жасөспірімдер олимпиадасында үлкен тұғырдан секіруден чемпион атанған еді.

Италиядағы ойындар – Мизерныхтың ересектер арасындағы алғашқы олимпиадасы.

Илья Мизерных Италиядағы олимпиадада жарысқа түскен сәт.