Львов қаласында жарылыстан бір полиция қызметкері қаза болып, 14 адам жарақаттанды

Украинаның Львов қаласының мэрі Андрей Садовой жексенбіге қараған түні теракт болғанын хабарлады.

Бұған дейін полиция қалада жарылыс болғанын және оқиға орнына барған полиция қызметкерінің жарақат алғанын айтқан.

Қала мэрінің сөзінше, 23 жастағы әйел полиция қызметкері қаза тауып, кем дегенде 14 адам жарақат алған, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген.

Львов облыстық прокуратурасы жарылыс туралы кейбір мәліметтерді келтірді. Оған сәйкес, жергілікті уақыт бойынша сағат 00:30-да полицияға қаланың орталық көшелерінің біріндегі дүкенде тонау болғаны туралы хабарлама түскен.

"Көрсетілген мекенжайға патрульдік полиция қызметкерлері барған кезде жарылыс болды. Екінші бригада келгенде тағы бір жарылыс болды" деп жазылған хабарламада.

Прокуратура оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Шабуыл үшін жауапкершілікті әлі ешкім мойнына алған жоқ.

Соғыс кезінде бұл ақпаратты бейтарап дереккөздерден растау мүмкін емес.