Қазақстан олимпиадаға 13,3 млрд теңге жұмсап, бір алтын алды. Жетістік пе, әлде сәтсіздік пе?

Қазақстан делегациясы қысқы олимпиаданың ашылу салтанатында. Италия, Милан. 6 ақпан, 2026 жыл.

Милан-Кортина қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан бір алтын медальмен жалпы есепте 19-орын алды. Олимпиада алдында жанкүйерлер де, спорт шенеуніктері де жүлдеден көп үміт күтпеген. Шорт-трек, коньки және мәнерлеп сырғанаудан бір қола болып қалар деген болжам айтылған. Ал олимпиадада чемпион атанған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италиядағы ойындардың сенсациясына айналды. Дегенмен Азаттық сөйлескен сарапшылар қысы қатты Қазақстанның мүмкіндігі бір алтыннан да жоғары болуға тиіс деп санайды.

Көрермені мен рейтингі жоғары мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоровтың жеңісі Милан олимпиадасының басты сенсациясы ретінде аталып, бір сәтте спорт әлемінде танымалдығы артты. Себебі мәнерлеп сырғанау жарысында сарапшылар да, жанкүйерлер де алтын медальді америкалық Илья Малининге "ұстатып қойған" еді. Малинин 2023 жылдан бері қатысқан жарыстарының бәрінде тек алтын медаль алып жүрген. Үш рет әлем чемпионы, Гран-при жарыстарының жеңімпазы болған Малинин Миланда үштікке енбей қалады деп ешкім ойламаса керек.

Ал Шайдоров былтыр әлем чемпионатында күміс медаль алып, олимпиадада жүлдеге үміткерлер қатарында болған. Бірақ ол биылғы маусымда қысқы және еркін бағдарламаларын таза орындай алмай жүрді. Осы жайттардан соң сарапшылар Малининді - фаворит, Шайдоровты ұзағанда қола медальға таласар деп топшылаған. Бірақ еркін бағдарламада америкалық және тағы бір фаворит жапон Юма Кагияма құлап, ал Шайдоров таза сырғанап шықты.

"Жеңіске жеткенімді әлі толық түсініп тұрған жоқпын" деді Шайдоров Миланда алтын жүлдесін алған сәтте.

Михаил Шайдоров олимпиадада алтын алған сәт. Милан. 13 ақпан, 2026 жыл.

Қазақстан бұл алтынды ұзақ күтті. Тәуелсіз ел ретінде алғаш қатысқан 1994 жылғы Лиллехаммер (Норвегия) олимпиадасында шаңғышы Владимир Смирнов чемпион атанған еді. Содан бері қысқы олимпиадада Қазақстаннан чемпион шықпаған. 1998 жылы конькиден Людмила Прокашева пен шаңғышы Владимир Смирнов қола, 2010 жылы биатлоннан Елена Хрусталева күміс, 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола, 2018 жылы фристайл могулдан Юлия Галышева қола жүлде иеленген. Ал 2022 жылғы Пекин олимпиадасында шорт-трекші Абзал Әжіғалиев төртінші орын алған болатын.

Италияда жанкүйерлер шорт-тректен Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишадан медаль күткен еді. Бірақ екеуі де 500 метрге жүгіру жарысында финалға шыға алмады.

Жалпыкомандалық есеп. Олимпиадада барлығы 29 ел жүлде алды.

Бір алтын жүлдеден бөлек Италиядағы олимпиадада Қазақстанның үш спортшысы сегіздікке енді. Конькиші Надежда Морозова 3000 метрге жарыста 6-орын, шорт-трекші Денис Никиша 500 метрлік жарыста 7-орын, трамплиннен секіруден Илья Мизерных үлкен трамплин жарысында 8-орын иеленді. Ал шаңғы мен биатлоннан спортшылар отыздыққа ене алмады. Биатлоннан Қазақстан құрамасы аралас эстафетада чемпион атанған Франция құрамасынан бір айналым қалып қойып, жарыстан шығып қалды. Фристайлдың могул және акробатика түрінен Қазақстан спортшылары шешуші кезеңге шыға алмады.

Ал оннан аса олимпиададан хабар таратқан спорт журналисі Несіп Жүнісбаев Қазақстанның олимпиадада командалық есепте жиырмалыққа енуін "нәтижесі жақсы көрсеткіш, үлкен табыс" деп санайды.

– Әлемнің жүзден аса елі келген олимпиадада 19-орын алу Қазақстанның қысқы спортта мықты екенін көрсетеді. Жалпы Қазақстан спорты даму үстінде деп айта аламыз. Бірақ бұдан да үлкен жетістікке жетуімізге болар еді. Бізде шаңғы спорты кенжелеп тұр. Шаңғы спортын Қазақстанда кең көлемде дамыта аламыз. Өйткені қар көп түсетін облыстарда шаңғыны дамытуға болар еді. Қар көп болатын облыстардағы мектептерде шаңғы спортын арнаулы бағдарламаға кіргізіп, балаларды шаңғыға үйретуге мүмкіндік бар. Әр мектепте жүз жұп шаңғы қойып, балалардың шаңғы тебуіне махаббатын аша аламыз. Солардың арасынан мықтылар шығады. Коньки спорты да кенжелеп тұр. 1998 жылы Нагано олимпиадасында Людмила Прокашева қола жүлде алған, одан кейін жүлде алған ешкім жоқ. Қысы қатты аймақтарда мұз айдын құю, мектеп ауласында мұз айдын құю күн тәртібінде болуы керек. Хоккейден ерлер арасындағы құрама 1998 жылғы Нагано олимпиадасына қатысты. Хоккейден олимпиадаға қатысу елдің имиджін көтереді. Қысқы спорты мықты елдер қатысып, хоккейге әлемнің назары ауады, - дейді спорт журналисі.

Париж олимпиадасынан хабар таратқан спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы "Италиядағы олимпиадада Қазақстанға қысқы спортты әлі де дамыту керегін көрсетіп берді" деп санайды.

– Шаңғымен тұғырдан секіруден сегіздікке, конькиден алтылыққа енгеніміз қуантады. Бірақ бұл спорт түрлерін әлі де көп дайындық керек. Себебі бұл спорттарда бізде база бар, Астанада "Алау" мұз айдыны, Алматыда Солдатсай шаңғы базасы мен трамплин тұр. Демек база бар спорттан нәтиже де болу керек. Ал бізде артқа кетіп жатқан спорт фристайл могул мен шорт-трек деп айтар едім. Себебі бізде могулдан олимпиада жүлдегері, әлем чемпионатының жүлдегері бар. Италияда могулдан шешуші финалға шыға алмадық. Шорт-тректен қазіргі деңгейіміз осы екен, одан жақсы нәтиже көрсете алмаймыз. Әжіғалиев пен Никишаға осыған дейін үш олимпиадаға қатысқан тәжірибесі көмектеспеді. Демек бұл спорт түрлеріне үлкен өзгеріс керек. Ал Никиша мен Әжіғалиев орнын жастарға беруі керек деп санаймын, – дейді Ақырыс Сейітқазы.

19 жастағы Илья Мизерных шаңғымен үлкен тұғырдан секіруде 8-орын алды.

Ал 33 жастағы Әжіғалиев Миландағы жарыстан соң жанкүйерлерден кешірім сұрап, "осы спортта көп тәжірибем бар, осы спортта мүмкін командамен бірге болып, тәжірибемді бөліссем де басқа спортшыларға көмегім зор болады деп ойлаймын" деді.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов "қысқы олимпиада Қазақстан үшін нәтижелі өтті" деп санайды. Ол мәнерлеп сырғанаудағы алтын жүлдені және тоғыз спортшының ондыққа енгенін "үлкен жетістік" деп бағалайды.

"Резерв бар, бүгінгі күні ғылымды күшейтіп, әдістемелерді оңтайландырып, халықаралық аренада жоғары жетістікке жету үшін сыртқы мамандармен, заманауи ғылыммен жұмыс жасаймыз" деді министр Миланда қазақстандық журналистерге.

ШАЙДОРОВ ПЕН СПОРТШЫЛАРҒА КЕТКЕН ҚАРЖЫНЫҢ ШУЫ

Қазақстан үкіметі спортшыларды Миландағы қысқы олимпиадаға дайындығына төрт жыл бойы 13,3 млрд теңге бөлгенін мәлімдеген. Ал олимпиада чемпионы Шайдоровтың 2025 жылғы дайындығына 263,4 млн теңге (529 мың доллар) жұмсаған. Спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, бұл сомаға спортшының жаттығулары, жарыстарға қатысуы, жеке бапкерінің, массажисінің жалақысы, психологпен жұмысы және хореографына кеткен шығын кіреді.

Шайдоров 2025 жылы 34 млн теңгедей жалақы алған. Ал жеке бапкері Алексей Урмановқа 26 млн теңге, хореграфы Иван Региниге 23 млн теңге төленген.

Ал Шайдоровтың өзі Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында "Менің жалақым туралы құпия болуға тиіс ақпарат сыртқа шығып кеткені мені ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Меніңше, бұл мені спортшы және адам ретінде сыйламау. Қазір министрлік алтын медальға чек ұсынғандай болып тұр ма? Бұлай болмауға тиіс. Мен барлық ақшаны тек жаттығу жұмсадым. Бұған күмән болмау керек" деді.

Михаил Шайдоров пен бапкері Алексей Урманов (сол жақта) олимпиадада. 13 ақпан, 2026 жыл.

Мәнерлеп сырғанаушы олимпиадада алтын алған сәтте әлеуметтік желіде "бірнеше жыл бұрын министрлік Шайдоровқа көмектеспегені, спортшы өз ақшасына жаттыққаны жайлы" сөз тараған. Бұған қоса, спортшының әкесі Станислав Шайдоров бірнеше жыл бұрын берген сұхбатында "ұлына үкімет тарапынан көмек болмағаны" жайлы айтқан еді. Жанкүйерлер бұл сұхбатты да қайта еске алып жатты. "Шайдоровқа кезінде көмек көрсетілмеді" деген сөз шығып жатқан тұста министрлік спортшының дайындығына қанша қаржы кеткені туралы есепті жариялады.

Ал туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Миландағы мәлімдемесінде "13,3 млрд теңге бөлінді деп сын айтып жатыр. Бұл төрт жылдықта үлкен емес екенін көрсетіп тұр. Біз заң аясында өңірден бөлінетін ақшаны да тікелей бақылап, қадағалап, спортшыларға жетуін қамтамасыз етіп жатырмыз" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Олимпиаданың басты сенсациясы". Шайдоровтың жеңісі жайлы халықаралық басылымдар не жазды?Эксклюзив сұхбат. "Қысым болды, қысымды еңсеру үшін лего құрастырдым". Шайдоров қалай олимпиада чемпионы болды?Мизерных олимпиадада тұғырдан секіруде 8-орын алды. Бұл - 19 жастағы спортшы үшін үлкен жетістік"Бар мүмкіндігін көрсеткен" Самоделкина ондыққа енді. Ол алда қиын элементтер жасауды мақсат етеді