Адвокат: Оразалы Ержановтың қамалуына қатысты шағымға жауап жоқ

"Елге қайтару" қорының директоры Оразалы Ержанов. Алматы, 1 маусым 2023 жыл.

Адвокат Виталий Воронов Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры, қоғам белсендісі Оразалы Ержановтың қамалуына қатысты шағым түсірген, бірақ әзірге тергеу сотынан ешқандай хабарлама келмеген. Бұл жөнінде адвокат журналист Вадим Борейкоға хабарлады. Вороновтың айтуынша, оған әлі күдік жарияланбаған және әрекеті сараланбаған.

“Шағым жібергенім туралы тиісті талондар мен шағымның тіркелгені жайлы құжаттар бар. Қылмыстық-процестік заңға сәйкес, мамандандырылған ауданаралық тергеу соты (1 наурыздан кешікпей) менің шағымымды іс материалдарымен бірге Алматы қалалық сотына маған және мен қорғап отырған азаматқа хабарлай отырып, жіберуі керек еді. Әзірге, (4 наурыз сағат 10.00-дегі жағдай бойынша) тергеу сотынан ешқандай хабарлама түскен жоқ” деді адвокат.

“Соттар не үшін мұны жасап отыр, шағымды қарауды созып жатыр? Тек топшылау қалады” деді адвокат.

Оның сөзінше, Ержановтың қамау мерзімі 5 наурыз кешке аяқталады.

4 наурызда Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Азаттыққа мәселені істі жүргізіп отырған органнан сұрау қажеттігін айтты. Ал Алматы қалалық полиция департаменті әзірге сұрақтарға жауап берген жоқ.

Жаңа Конституция жобасын сынаған, заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры Оразалы Ержанов 23 ақпанда Алматыда ұсталған. 25 ақпанда тергеу соты он күнге қамаған. Оның әйелі тінту болғанын да айтқан еді.

Алматы полициясы 26 ақпанда сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген қоғам белсендісі жуырда ол референдумға “ақылды бойкот” жариялау идеясын ұсынған еді. Ержановтың Facebook-тағы парақшасы кейінгі кезде "тазаланып", қазір соңғы жазба ретінде 8 ақпан күнгі пост болып тұр.