Украина Брянскідегі зауытқа шабуылдады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар

2025 жылы сәуірде Брянскіге жасалған шабуылдың фотосы.

Ресейдің Брянск облысының губернаторы Александр Богомаз Брянскіге жасалған ракета шабуылынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар деп мәлімдеді. Бұл туралы ол телеграм-арнасында жазды, бірақ қаза болғандар мен зардап шеккендердің санын айтпады.

Ресейдің қарулы күштеріне жақын Mash және Shot телеграм-арналары екі адамның қазасы туралы жазды. Shot кемі 16 адамның зардап шеккенін айтады.

Mash телеграм-арнасы шабуыл Storm Shadow ракетасымен жасалды дейді. Ал Astra телеграм-арнасы украиналық әскерилер "Кремний Эл" зауыты шабуылға ұшырады дейді.

Украина президенті Владимир Зеленский "РБК Украина" агенттігіне "Ресейдің ракеталарын басқару жүйесі дайындалатын Брянскідегі зауытқа сәтті соққы жасалғанын" растаған. Бірақ Зеленский Украина қарулы күштері қалай соққы жасағанын ашып айтпады.

"Кремний Эл" – Ресейдегі микроэлектроника құралдарын жасайтын ірі зауыттардың бірі. Көп өнімдерін Ресей қорғаныс министрлігінің тапсырмасымен жасайды. Бұл зауыттан шыққан құралдарды "Панцирь" ракетаға қарсы жүйесі мен "Искандер" ракета атқыш кешеніне пайдаланады.

2023 жылдан бері бұл зауыт бірнеше рет дрон шабуылына ұшыраған.