Иранның жаңа рухани көсемі Мұжтаба Хаменеи мәлімдеме жасады

Мұжтаба Хаменеи (ортада)

Иранның жаңа рухани көсемі Мұжтаба Хаменеи билікке келгелі алғаш рет мәлімдеме жасады. Оның сөзі Иранның мемлекеттік телеарнасынан оқылды.

Хаменеи әлемдегі мұнайдың 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы "қысым құралы" ретінде жабық қалуы тиіс деді. Бұған қоса, ол Иран көршілерімен татулыққа үміттенетінін, Тегеран Таяу Шығыстағы елдердегі америкалық базаларға ғана соққы жасап жатқанын айтады.

Мұжтаба Хаменеи аймақтағы АҚШ-тың әскери базалары тез арада жабылуы керек, әйтпесе соққы жасала береді деді.

Иранның жаңа рухани көсемі билік басына келгелі елдің алдына шықпады. Бұған дейін халықаралық басылымдар Мұжтаба Хаменеи АҚШ пен Израильдің соққысынан жараланды деген. Иран сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растаған.

АҚШ пен Израильдің 28 ақпандағы шабуылынан Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи қаза тауып, 8 наурызда оның орнына ұлы Мұжтаба Хаменеи сайланған. Мұжтаба Хаменеиді Иранның Сарапшылар кеңесі сайлаған.

Иран АҚШ пен Израиль шабуылы басталғаннан кейін Ормуз бұғазын жауып тастаған. Осыдан соң әлемдегі мұнай бағасы өскен еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жұмбақ Мұжтаба. Иранның жаңа рухани көсемі кім?