Ирандағы соғыс басталғалы Тегеран Ормуз бұғазын жауып, мұнай танкерлерін өткізбей отыр. Әлемде мұнай дағдарысы басталған тұста Қазақстан өз өнімін экспорттауды көбейте ала ма?
ОРМУЗДАҒЫ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?
Тегеран Ормуз бұғазын наурыздың басында жауып тастаған еді. Бұған АҚШ пен Израиль 28 ақпандағы шабуылы себеп болды. ВВС сайты мен кемелерді анализ жасайтын Kpler орталығы наурызда Ормуз бұғазынан өткен кемелердің саны жүзге жетпейді деп мәлімдеді. Joint Maritime Information Centre дерегінше, Ирандағы соғыс басталмай тұрғанда бұл бұғаздан күніне 138 кеме өтетін.
22 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран 48 сағат ішінде Ормуз бұғазын ашпаса Иранның электр станцияларын жоямыз деп мәлімдеді.
Трамптың бұл сесіне Иранның ислам революция сақшылар корпусы Таяу Шығыста АҚШ базалары орналасқан елдердің электр станцияларына, Израильдің электр станцияларына соққы жасайтынын айтты. Бұған қоса, Иранның бұзылған электр станциялары толық қалпына келгенше Ормуз бұғазы толық жабық болатынын ескертті.
Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай мен газдың 20 пайызы өтеді. Бұл жер арқылы Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Ираннан шыққан танкерлер Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапонияға барады. Бұғазда Иранға қарайтын аралдар бар, сол себепті Тегеран дәлізді бақылап, оны қысым тетігі ретінде қолдана алады. Кемелерге шабуыл жасаймыз деп қорқытады.
Ормуз бұғазы
Наурыздың басында Иран бұғазды жапқан соң мұнай мен газ қымбаттаған. 19 наурыздағы жағдай бойынша, Брент маркалы мұнай бағасы 5 пайызға қымбаттап, барреліне 112,84 доллармен сатылып жатыр.
"ҚАЗАҚСТАН БІР ҒАНА ЭКСПОРТ ДӘЛІЗІНЕ ТӘУЕЛДІ"
Иран Ормузды ашпай отырған тұста Қазақстан мұнайын халықаралық нарыққа шығарып, әлемдегі энергия дағдарысын шешуге көмектесе ала ма деген сұрақ туындады. Азаттық сөйлескен сарапшылар Қазақстанда мұнай экспортын арттыруға инфрақұрылым мен үлкен танкерлер мәселе болады деп санайды.
Atlantic Council зерттеу орталығының энергия бойынша сарапшысы Джон Робертс Қазақстан үшін мұнай экспортын арттыруға инфрақұрылым мен жаңа танкерлердің жоқтығы мәселе болады деп санайды.
— Қазақстан мұнайын Еуропаға Новороссийск арқылы жеткізеді, басқа жол жоқ. Ал бұл жер Украина тарабынан жиі шабуылға ұшырайды. Бакуден Түркияның Жейхан портына мұнай тасымалдайтын жолдың мүмкіндігі бар. Бірақ Қазақстаннан Бакуге мұнай жеткізу оңай емес, себебі танкерлердің жаңа түрі қажет. Каспий теңізінде танкерлер салуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл жобаға екі-үш жыл керек, — дейді ол Азаттыққа.
Қазақстан – мұнай өндіруден әлемде 12-орында. 2025 жылы мұнай өндіру 99,6 млн тоннаға жеткен. Соғыс басталған кезде KASE биржасында "ҚазМұнайГаздың" акциясы 10 пайызға, "Қазтрансойлдың" акциясы 5,5 пайызға өскен.
Каспий құбыр консорциумының Новороссийск қаласындағы терминалы.
Ал Постсовет аймағын зерттейтін "Тұран" орталығының директоры Джозеф Эпштейннің айтуынша, "Қазақстан нарыққа көп мұнай шығаруға мүмкіндігі аз, себебі бір ғана экспорт дәлізіне тәуелді".
— Қазақстан мұнай көп өндіретін елдің бірі ретінде теогриялық тұрғыда табысын қатты арттыруға мүмкіндігі бар еді. Бірақ оны жасай алмайды, себебі экспорт инфрақұрылымы бітелген. Қазақстан мұнайының 80 пайызы Новороссийск арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумымен тасымалданады. Бұл инфрақұрылым Украина дрондарының шабуылынан соң 2025 жылдың қарашасынан бері бұлінген. Қазір үш терминалдың біреуі ғана жұмыс істеп отыр. Сондықтан Қазақстан нарыққа көп мұнай шығара алмайды, – дейді ол.
Дегенмен Таяу Шығыстағы соғыс жағдайды өзгертуі мүмкін деп санайды Эпштейн. Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнайдың 40 пайызын алып отырған Қытай қазір "Атасу – Алашанькоу" құбыры арқылы Қазақстаннан мұнай алуға мүделлі болуы мүмкін.
— Бірақ мұнда да шектеу бар. "Атасу – Алашанькоу" құбырын толық іске қосқанның өзінде мұнайды көп тасуға мүмкіндік аз. Бұл Каспий құбын консорциумы арқылы өтетін мұнайдың кішкентай бір бөлігі болып қалады. Бұған қоса, жолдағы инфрақұрылым – өңдеу, құбырдағы тармақтар, теміржол көп мұнай тасуға дайын емес. Ал инфрақұрылымды жылдамдатуға жылдар керек, – дейді сарапшы.
Қазір Еуропа елдері Ормуз бұғазынан өтетін кемелердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа елдерін Ормуз бұғазынан өтетін кемелерді қорғау үшін әскер жіберуге шақырған.
Дегенмен Италия, Германия және Франция "атыс тоқтамай Ормуз бұғазына кіру мүмкін, соғыс тоқтаған соң ғана іске көшеміз" деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Ормуз бұғазын күзететін коалиция жариялауға жақын. Ирак соғыс зардабын тартып жатыр