Ресейдегі жанжал. Қамалғандар мен тергелгендер арасында қазақстандықтар бар

Ресейдің Лелинград облысы Усть-Луга елдімекеніндегі құрылыс алаңында 26 наурызда болған жанжалға байланысты Қазақстанның азаматтары 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл жөнінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады. Алайда адам санын нақтылаған жоқ. Министрлік үш қазақстандықтың үстінен тергеу жүріп жатқанын да мәлім етті. Усть-Лугадағы ахуал қалай өрбіп жатыр?

Ресей ішкі істер министрлігіне сүйенген "РБК" сайтының ақпараты бойынша, 26 наурыз түнде "Велесстрой" компаниясына қарасты вахта қалашығында шетелден келген жұмысшылар мен жүк портының күзетшілері арасында жаппай төбелес болған. Полиция 31 шетел азаматын ұстап, 16-сын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ұсталғандардан 29 пышақ тәркіленгені жазылған. Ресей полициясы "Бұзақылық" және "Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру не жою" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Усть-Лугадағы жанжалдың видеоасынан скриншот.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Усть-Лугадағы оқиғаны "тұрмыстық жанжал" деп атап, Қазақстан азаматтары қатысқанын растады. Ведомство адам санын және аты-жөнін айтпай бірнеше қазақстандық 10 тәулікке қамалды деп хабарлады. Одан басқа үш адамның үстінен тергеу жүріп жатқанын жазды. Қазақстанның Санкт-Петербургтегі консулдығы дерегінше, жанжалға "жүзден аса адам қатысқан", "әртүрлі елдердің 30-дан аса азаматы ұсталған".

"Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен не медициналық көмекке мұқтаж тұлғалар жоқ. Барлық азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр" дейді консулдық.

ЖАРАЛАНҒАНДАР ЖАЙЛЫ ЕКІТҮРЛІ АҚПАРАТ

30 наурызда "Велесстрой" компаниясында жұмыс істеймін деген қазақстандықтың видеосы тарады. Мәселен, Сәуірбек Бекжанов есімді жұмысшы "Қазақстан азаматтары мен жергілікті күзетшілер арасында жанжал болғанын" айтып, бұл жайтты "тұрмыстық төбелес" деп атады.

"Адам шығыны жоқ не біреудің бір жері сынбаған. Жаппай төбелес түсініспеушіліктің кесірінен болған. Өзім Қазақстанда демалып жүрген жерімнен келдім. Елшілер келді. Бәрі заң аясында болып жатыр. Қазақстан азаматтары, уайымдамаңыздар, ешкімге ештеңе болмаған" дейді ол.

Бірақ Ленинград облысындағы жұмысшылар қалашығында тұрып жатқан қазақстандықтардың бірі оқиғаның шындығы айтылмай отыр дейді. Ол Азаттыққа 26 наурызға қараған түнде болған оқиғадан кемінде екі қазақ қатты зардап шеккенін және оған өзі куә болғанын айтты. Қысымға ұшырауым мүмкін деген ол аты-жөнін жасыруды өтінді.

"Мұнда жарақаттанғандар бар. Белден төмен, қол-аяғы сынып кеткендері де бар... Көзбен көргенім: мәшине қаққан кезде екі адам қатты жарақат алды. Рөлде отырған адамды соттаймыз деп айтады, бірақ оған күмәніміз бар. Бір құдай біледі. Оқиғаны көргендерге арыз жазыңдар деп жатыр" деген еді жұмысшылар қалашығында тұратын Қазақстан азаматы.

Азаттық бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы растай алмады.

ДУМА ДЕПУТАТЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары төбелес негізінен қазақ жұмысшылар мен шешен ұлты өкілдерінен құралған күзетшілер арасында болды деп жазады. Осы оқиға бойынша Ресей мемлекеттік думасының депутаты әрі Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың "оң қолы" саналатын Адам Делимханов пікір білдіріп, "қақтығыстың ұлтаралық астары жоқ" деді.

"Біздің өкілдеріміз Усть-Лугаға келіп, Қазақстанның бас консулымен және құқық қорғау органдарымен кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар арасында өзара түсіністік орнады. Жағдай егжей-тегжейлі талқыланды және барлық мәселе конструктивті түрде шешілді" дейді Делимханов.

Ресейдің Усть-Луга қаласындағы жұмысшылар кентінде болған жанжал туралы видеолар скриншотынан жасалған коллаж.

Masa.media сайты кейбір қазақстандықтар Усть-Луга портында жұмыс істейтін туыстарымен хабарласа алмай, олардың тағдырына алаңдап отыр деп жазды.

Жанжал болған вахталық қалашық "Велесстрой" деп аталатын құрылыс компаниясына тиесілі. Олар Усть-Луга портында Ресейдің ірі мемлекеттік компаниясы “Газпромға” қарасты кәсіпорынның терминалын салып жатқан. Айта кету керек, Балтық теңізінің жағасында орналасқан бұл портта Ресейдің мұнай, газ және өзге де энергия ресурстары экспортқа шығарылады. Украина қарулы күштері кейінгі күндері осы портқа бірнеше рет шабуыл жасады.

Ленинград облысының Усть-Луга елдімекенінде жанжал болғаны жайлы видеолар сенбі, 27 наурызда тарай бастаған. Видеолардың бірінде бір көліктің жоғары жылдамдықпен жұмысшылар арасынан жүйткіп өткені байқалған. Оқиға орнына Росгвардия мен арнайы жасақ келгені де айтылған.

Жексенбі 28 наурызда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев жанжалға "Қазақстан азаматтары да қатысқанын" растаған. Министрлік төбелесті "тұрмыстық сипаттағы оқиға" деген еді.

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КӨП ЖЕРДЕ МҰНДАЙ ОҚИҒАЛАР БОЛЫП ТҰРАДЫ"

Азаттық қазақстандық бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтан бұл оқиғаның сипатын, ауқымын, шешімін сұрастырды.

- Шынын айтқанда, мұны үлкен оқиға деп айта алмаймын. Өз басым, бірнеше елде консул болып жұмыс істедім, сол кезде Қазақстан азаматтары неше түрлі жағдайға ұшырайды. Ресейде тұрып жатқан, жұмыс істеп жатқан қазақстандықтар көп. Сондықтан мұндай жағдайлар арасында болады, оған көп мән беру, меніңше, қажет емес, - дейді ол.

Азаттық: Сіз "көп мән берудің қажеті жоқ" дегеніңізбен әлеуметтік желіде бұл оқиға қатты талқыланып жатыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Неге бұл жанжан қатты талқыланып кетті?

Қазбек Бейсебаев

Бейсебаев: Мұндай шу бірнеше жыл бұрын болған. Қазақстан азаматтары Ресей азаматтарымен төбелескен (2021 жылы 23 наурызда Мурмунск облысы Белокаменка ауылын маңындағы құрылыс вахтасында қазақстандық жұмысшылар жергілікті жұмысшылармен төбелескен еді. Ресей мен Қазақстан бұл оқиғаны "тұрмыстық жанжал" деген – Ред.). Кейін тынышталды, көбі оны ұмытып кетті. Халыққа мұндай төбелес үлкен бір оқиға сияқты көрінеді. Ал консулдықтардың жұмысы осындай мәселелерді шешу. Қазақстан азаматтары қай елде көп тұрады, сол жерде неше түрлі мәселе болады. Осыны ескеру керек.

Азаттық: Әлеуметтік желіде бұл оқиғалы ұлтаралық сипаттағы жанжал ретінде қабылдап жатқандар болды. Бірақ Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта ондай сөз жоқ. Ресей мемлекеттік думасына Шешенстаннан сайланған депутат Адам Делимхановтың "ахуал реттелді" деген мәлімдемесі тарады. Ресми мәлімдеме ме белгісіз. Бұл әрекеттер оқиғаның ұлтаралық сипатын аңғартпай ма?

Бейсебаев: Білуімше, Усть-Лугадағы жанжалға Ресейдің Кавказ аймағындағы азаматтары қатысқан. Әрине, бір жағынан қарасаңыз, ұлтаралық [сипатта] болып тұр. Өйткені шетелдіктер мен жергілікті азаматтар [төбелескен]. Сондықтан жағдайға қарасаңыз, солай көрінеді. Мәселе, жанжалдың қалай шешілуінде. Қазақстанның Санкт-Петербургтегі консулдығының өкілдері мәселені шешуге бар күшін салып кіріседі деп ойлаймын.