Қазақстан халқы биыл 1 наурызда 20 млн 532 мың адамнан асты. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлады.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айында халық саны 0,16 пайызға өскен. Ең көп өсім Астана (0,99%) мен Шымкентте (0,49%) болған. 1 наурыздағы есеп бойынша, Шымкентте халық саны 1,3 млн адамға жеткен. Мегаполис туу деңгейі мен миграция есебінен жылдам өсіп келеді.
2026 жылдың алғашқы екі айында Астана, Алматы, Шымкент қалалаларында және Ақмола мен Алматы облыстарына көшіп барғандар көбейген. Алматы облысы миграция сальдосы бойынша Астанадан кейінгі екінші орынға шықты. Басқа аймақтарда көшіп келгендердер гөрі көшіп кеткендердің үлесі басым. Елдің басым бөлігінде туу деңгейі өлім деңгейінен жоғары. Тек ШҚО, СҚО және Қостанай облысында ғана кері көрсеткіш тіркелген.
Қазақстандағы облыстардың жартысында жоғары эмиграцияның салдарынан халық саны азайған. Ұлытау, СҚО, Абай облыстары эмиграция бойынша көш бастап тұр.
Елде 2026 жылдың алғашқы екі айында қала халқы 0,27 пайызға өсіп, 13 млн 121 мыңға жетсе, ауыл халқы 0,05 пайызға азайып, 7,4 млн болып тұр. Қазақстандағы халықтың 63,9 пайызы қалада тұрады.