2 сәуірде Астананың апелляциялық соты оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуден бас тартқан әділет министрлігінің шешімін заңды деп таныған бірінші инстанция шешімін қолдады. Осылайша 2025 жылдың 24 желтоқсанда шыққан шешім өзгеріссіз қалды. Бұл жөнінде Азаттыққа бастама тобының мүшесі Әсет Әбішев хабарлады.
"Олар біз келтірген уәжді ескерген жоқ. Әділет министрлігі ұсынған деректерді қараған кезде құпияландырып, бізді сот залынан шығарды. Мұны жасауға құқығы болмаса да. Біз процеске қатысушы ретінде қалуымыз керек еді. Олар құпияландырып, құжаттарды қарап, менің ойымша, заңсыз шешім шығарды" деді Әбішев 2 сәуірде.
Оның сөзінше, әділет министрлігі өкілдері бастама топ ұсынған тізімде "қайтыс болған адамдар" барын айтқанмен нақты кімдер екенін көрсетпей келеді. "Тізімнің қай жері дұрыс емес екенін белгілеп көрсетіңізші" деп сұрағанда министрліктегілер "мұны тізімді ұсынғандардың өздері анықтауы керек" деп айтқан.
"Бастама тобының тізімінде 3190 адамның аты-жөні бар, 1700 адам өздерін видеомен дәлелдеген" деді Әсет Әбішев Азаттыққа.
Істі судьялар Гүлнәр Ибраимова, Руслан Мажитов, Жоломарова қараған. Министрлік әзірге түсініктеме берген жоқ.
Апелляциялық шағымды сотқа бастама топ мүшесі Сергей Измайлов берген. Әсет Әбішев сотқа "мүдделі тұлға" ретінде қатысқан. Бастама топ касациялық шағым жазатынын да айтты.
Бастама топ өкілдері билік саяси себеппен партияны тіркемей отыр деп санайды. Ал ресми Астана мұны жоққа шығарады.
Қазақстан билігі саяси партияны тіркеу процедурасын жеңілдеткенін мәлімдегенімен, оппозиция "билікке адал саяси ұйымдар ғана тіркеліп" жатқанын мәлімдеген. Бұған дейін әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова партияларды тіркеген кезде "саяси ұстанымдарына қарамайтынын" айтқан.
"Алға, Қазақстаннан" бөлек, елде YNTYMAQ, "Халық таңдауы", "Ел тірегі" сияқты тіркеле алмай жүрген бірқатар бастамалар бар. Кейбірінің жетекшілері сотталған да. Қазір тіркелмеген "Алға, Қазақстан" жетекшілері мен мүшелері Марат Жыланбаев, Амангелді Жахин қамауда.
Наурыз айының басында әділет министрлігі Азаттыққа берген ресми жауабында қазіргі кезде жаңа партия құру туралы өтініш түспегенін жазған. Елде қазір тіркелген 7 саяси партия бар:
- "Amanat" партиясы
- "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясы
- Қазақстанның халық партиясы
- "Ауыл" партиясы
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия
- "Байтақ" жасылдар партиясы
- "Respublica" партиясы.
Қазақстанда 15 наурыз күнгі референдумнан кейін жаңа Конституция қабылданған. Оған сәйкес, депутаттар бір палаталы құрылтайға партиялық тізіммен сайланбақ. Бұған дейін сарапшылар мұндай өзгеріс саяси партияларға мүше емес халықтың сайлану құқығына қайшы деген еді.