Иранның рухани көсемі Мұжтаба Хаменеи "ауыр халде ес-түссіз жатыр және қазір ел басқаруға мүмкіндігі жоқ" деп жазды британиялық The Times басылымы.
Барлау қызметінің құжаттарына сүйенген басылым Мұжтаба Хаменеи қазір Кум қаласында емделіп жатыр дейді.
АҚШ пен Израиль барлаушыларының Парсы шығанағындағы одақтастарымен бөліскен ақпаратында Мұжтаба Хаменеидің 28 ақпандағы шабуыл кезінде жарақаттанғаны айтылады. Бұл шабуылдан оның әкесі аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан еді.
Әли Хаменеидің қазасынан кейін Мұжтаба Хаменеи рухани көсем болып сайланған. Бірақ ол ел алдына шықпады, тек екі рет жазбаша мәлімдемесі тараған.
Барлаушылардың құжатында Кум қаласында Әли Хаменеидің жерлеу рәсіміне дайындық жүріп жатқаны, бұл қалада үлкен кесене салыну жоспары жайлы да айтылады дейді The Times басылымы.
Мұжтаба Хаменеидің жұрт алдына шықпауы, оның жағдайына қатысты ақпараттардың тарауы Ирандағы билік нақты кімнің қолында деген сұрақ туындатады. Бұған қоса, Иран ислам революция сақшылары корпусы елдегі билікті қолға алған деген де болжамдар айтыла бастады.
Your browser doesn’t support HTML5
Иранның жаңа көсемі Мұжтаба Хаменеи кім? Енді не болмақ?