Қазақстанда енді жертөлелер мен паркингтер бункер ретінде салынады

Қазақстанда үйлердің жертөлелері мен паркингтері енді бункер ретінде салынуы тиіс.

Қазақстанда биылдан бастап жертөлелер, паркингтер табиғи апаттар мен әскери жағдайлар кезінде және дрондардан бас сауғалайтын бункер ретінде салынуы тиіс. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Жаңа талапқа сай, желтөлелер мен паркингтерде желдету жүйесі, су және электрмен қамту, санитарлық жағдай жасалуы керек. Ғимараттардың техникалық жағдайы тексеріліп, қажет болса жөнделіп, күшейтіледі.

Министрліктің мәліметінше, қазір бар жертөлелер, төменгі қабаттар, жерасты өткелдері мен метро да бас сауғалайтын орын ретінде бейімделмек. Ведомство мұндай тәжірибе әлем елдерінде көп екенін айтады.

Ресейдің шабуылына жиі ұшырайтын Украина қалалары жертөлелерді, метро станцияларды бас сауғалайтын бункер ретінде қолданып келеді. Иран Израильге ракетамен шабуыл жасағанда да тұрғындар жертөлелерге жиі тығылады.