Ресейдегі Туапсе порты дрон шабуылынан кейін өртке оранды

16 сәуірге қараған түнгі шабуылдан кейін өртенген Туапсе мұнай базасы. Planet.com сайтындағы спутник суреті

Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Туапсе теңіз порты 20 сәуірге қараған түні дрон шабуылынан соң өртке оранды. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мен мониторинг жүргізетін Telegram-каналдар хабарлады.

"Бүгін түнде Туапсе тағы бір ауқымды дрон шабуылына ұшырады. Алдын ала ақпарат бойынша, салдарынан теңіз портында бір адам қаза тапқан. Тағы біреу жарақат алып, оған қажет медициналық жәрдемнің барлығы жасалып жатыр. Теңіз портында өрт шықты" деді Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев.

Astra Telegram-арнасының жазуынша, түнгі шабуыл салдарынан Туапсе мұнай өңдеу зауытының резервуар паркінде алапат өрт шыққан. Exilenova+ Telegram-арнасы таңғы уақытта өрт жалғасып жатқанын хабарлады.

Украина әскери күштері әзірге Туапсеге жасалған жаңа шабуыл туралы мәлімдеме жасамады.

Туапсе мұнай өңдеу зауыты бұған дейін 16 сәуір күні шабуылға ұшыраған. Зауыт теңіз терминалымен бірге "Роснефть" құрылымына кіреді. Бұл компанияны Ресей президенті Владимир Путиннің жақын досы, әрі серіктесі Игорь Сечин басқарады. Украина Туапсе мұнай инфрақұрылымына 2025 жылғы наурыз, қараша және желтоқсан айларында соққы жасаған.

Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіргелі Ресей аумағындағы түрлі нысандарға әуе шабуылдары жасалып келеді. 2024-2025 жылдары көбіне мұнай өңдеу зауыттары атқыланды. Украина аумағындағы Ресей нысандары да бомбаланып отыр.

Бұл шабуылдардың едәуір бөлігін Украина қарулы күштері өз мойнына алған. Украина мұны "Ресей әскери қуатын әлсіретуге арналған" қадам деп бағалаған.