Қаңтар, ЛГБТ, митинг және саяси қысым. Amnesty International жылдық есебін шығарды

Былтыр Қазақстан соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің бас бостандығын бес жылға шектеп, оған жаза мерзімінде қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Оның ісі Amnesty International ұйымының биылғы есебіне кірген.

21 сәуір күні Amnesty International халықаралық адам құқығы ұйымы 2025 жылға арналған әлемдік есебін жариялады. Онда Қазақстандағы ахуал да баяндалған.

Amnesty International ұйымының биылғы есебінде Қазақстан билігі қылмыстық кодекстегі жалған ақпарат және ұлттық, әлеуметтік, нәсілдік және діни араздықты қоздыру баптарын жосықсыз пайдалануды жалғастырып отырғаны айтылады.

Сондай-ақ құжатта азаматтық белсенділер мен қатардағы адамдардың бейбіт жиын құқығын қолданғаны үшін қуғынға ұшырап отырғаны, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси оппозициялық топтар шетелден қаржы алды деп қысым көріп жатқаны, Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығын өрескел бұзғандар әлі жауапқа тартылмай жүргені сөз болған.

Есеп авторлары Қазақстан билігі қылмыстық кодекстегі "көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап) және "ұлттық, әлеуметтік, нәсілдік және діни араздық қоздыру" (174-бап) баптарын сыни сөзді жаншу үшін асыра қолданып отырғанын айтады. Құжатта жергілікті құқық қорғау ұйымы бір жыл ішінде 39 адам саяси астары бар айыппен қамалғаны жазылған. Олардың арасында құқық қорғаушылар, белсенділер, блогерлер және журналистер бары көрсетілген.

Мұның мысалы ретінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның аты аталған. Былтыр шілдеде қамаудағы оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығы туралы алаң білдіргені үшін Алматы соты оған "жалған ақпарат таратты" деп 78 мың теңге айыппұл салған. Осыған ұқсас әкімшілік шара Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев пен кемі екі белсендіге қолданылды дейді есеп авторлары.

Құқық қорғау ұйымы былтыр қаңтарда блогер Темірлан Еңсебек ұсталып, кейін оның 174-бап бойынша айыпталғанын атап өткен. Құзырлы органдар оны "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялады деп айыптап, сот оған бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын кескен. Qaznews24 паблигінің әкімшісі болған Еңсебек ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы жазбасында бейәдеп сөздерден тұратын "Йоу, орыстар" әнін қолданған. Сот оған қоғамдық жұмыспен айналысуға, митингіге қатысуға және сұхбат беруге тыйым салды.

Amnesty International Еңсебектің кемі төрт жақтасы не әкімшілік қамауға алынғанын, не айыппұл арқалағанын жазған.

Баяндамада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеттің Қазақстан үкіметін "экстремизм" және "араздық қоздыру" баптарының аясын тарылтуды ұсынғаны айтылады. Бұдан бөлек, есеп авторлары биліктің Азаттық радиосының 16 қызметкеріне Қазақстан аумағында жұмыс істеуге рұқсат бермегенін де ерекшелеген.

Былтыр қаңтарда Қазақстан конституциялық соты жергілікті билік бейбіт жиын өткізуге өтініш түскенде дәлелсіз кері қайтармауы керек, балама күн мен орын ұсынуы керек деп қаулы шығарған.

"Сөйте тұра, сот алдын ала рұқсат алу керегін растап отыр. Ал жергілікті билік әлі де бейбіт жиын өткізуге жол бермей келеді. Азаматтық қоғам белсенділері мен бұқара өкілдерінің бейбіт жиынға деген құқығын қолданғаны үшін ұсталып, қудалануы жалғасып отыр" дейді Amnesty.

Халықаралық ұйым Қазақстан билігі, соның ішінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де шетелден қаржы алады деген ұйымдарды, блогерлер мен журналистерді айыптағанын сынаған.

Есепте ЛГБТ қауымы өкілдерінің де үлкен қысымға ұшырап отырғаны айтылады. Бұл қысымды билікшіл топтар да үлес қосып отыр дейді авторлар. Былтыр Қазақстан парламенті "ЛГБТ пропагандасына" тыйым салатын заң қабылдап, Тоқаевқа қол қоюға жіберген. Құқық қорғау ұйымдары ЛГБТ мәселесінде "пропаганда" сөзінің қолданылғаны орынсыз екені, адамдық жыныстық болмысына ешқандай насихат әсер етпейтінін айтқан.

Amnesty International сондай-ақ, Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқығын бұзғандар, атап айтқанда айыпталушылар мен куәгерлерге азаптау сияқты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін толықтай жауапқа тартылмай отырғанына, еңбек құқығы сақталмай отырғанына және елдің жасыл энергетикаға көшуге деген міндеттемеден қашқақтағанына назар аударған.

Amnesty International – штаб-пәтері Ұлыбританияда орналасқан халықаралық құқық қорғау ұйымы. Ұйым 1961 жылы құрылған.

Биылғы есебінде Amnesty International әлемнің алпауыт елдерін адам құқығын өрескел бұзып отыр деп айыптап, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық құқық жүйесінің бұзылып жатқанына алаң білдірген.