АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран сөйлескісі келсе, "қоңырау шалсын" деді, бірақ ол үшін Иран ядролық қару жасау жоспарынан бас тартуы керек екенін қоса айтты. Әйтпесе, "кездесудің мәні жоқ" деді ол.
Ал Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Санкт-Петербургке барды. Ол 27 сәуірде Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлеспек.
"Олар сөйлескісі келсе, бізге келе алады немесе қоңырау шала алады. Телефон бар екенін білесіздер. Бізде қорғалған керемет желі бар" деді Трамп 26 сәуір күні Fox News телеарнасына.
"Олар келісімшартта не болуы керегін біледі. Өте қарапайым: оларда ядролық қару болмауға тиіс, әйтпесе кездесудің мәні жоқ" деді Трамп.
Тегеран бұрыннан ядролық бағдарлама тек азаматтық мақсатты көздейтінін айтып келеді. Алайда АҚШ пен Израиль бұған сенбей, Иранды ядролық қару жасамақ деп айыптап отыр.
Трамп Тегераннан атом бомбасын әзірлеуде қолданылатын байытылған уран бағдарламасын тоқтатуды талап етіп отыр.
26 сәуір күні Axios басылымы Тегеран пәкістандық медиаторлар арқылы АҚШ-қа жаңа ұсыныс жолдағанын хабарлады. Бұл шарт бойынша, Ормуз бұғазы қайта ашылады және АҚШ Иран порттарына қойылған блокадасын алып тастайды, Иранның ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөздер кейінірек өтеді. Басылым бұл хабарын АҚШ-тың бір шенеунігіне және осы мәселеден хабары бар екі дереккөзіне сілтеп әзірлеген.
ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН ЕКІНШІ РАУНД
Келіссөздің екінші раунды өткен демалыста Пәкістанда өтуі керек еді. Бірақ Тегеран өз делегациясы америкалықтармен кездесуді жоспарлап отырмағанын айтқан соң, Трамп Ақ үй өкілдері Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнердің Исламабадқа сапарын тоқтатынын мәлімдеді.
Әлеуметтік желідегі жазбасында Трамп Иран басшылығы ішінде келіспеушілік барын айтты.
"Сапарларға тым көп уақыт кетіп, көп жұмыс жасалды. Бұдан бөлек, олардың "басшылығы" ішінде үлкен тартыс пен түсініспеушілік бар" деді ол.
Иран парламентінің спикері Мұхаммад Багер Галибафпен бірге 11-12 сәуір күндері Пәкістанда өткен алғашқы келіссөз раундына қатысқан Арақчи Иранға деген қолдауды күшейту үшін дипломатиялық сапарға шықты.
Пәкістаннан соң, ол Оманға барып, сол елдің басшыларына Ормуз бұғазынан өтетін кемелерден бірлесіп алым алу идеясын ұсынды. Бұл ұсынысқа әлемнің көптеген елі қарсылық білдірді.
"Екіжақты мәселелер мен өңірлік ахуал бойынша маңызды талқылар өтті. Ормуз бұғазы жағалауындағы жалғыз екі мемлекет ретінде біз барлық көршілерімізге тиімді болатын қауіпсіз тасымалға назар аудардық" деп жазды ол X желісінде.
Осыдан кейін Арақчи Пәкістанға барып, артынан Ресейге жол тартты. Ол онда Путинмен кездеспек. Батыс санкциясына ұшыраған Иран мен Ресей саяси және әскери әріптестігін күшейтіп келеді.
Иранның Ресейдегі елшісі Казем Жалали X желісіндегі жазбасында Арақчи осы сапарда Путинмен кездесетінін айтты. Ресей шенеуніктері мұны растады.
Жалалидің сөзінше, Арақчи ресейлік әріптестерімен келіссөздер мен бітімнің кейінгі ахуалын талқыламақ.
"Өңірлік және халықаралық деңгейде өзара іс-қимылды үйлестіру және бірлескен бағдарламаларды ілгерілету – бұл сапардың басты күн тәртібі" деді ол Иран мен Ресей Батыс елдеріне қарсы "біртұтас майданда" екенін атап өтіп.
ЛИВАНДАҒЫ СОҒЫС
Израиль мен Ливан арасында ресми түрде бітім жарияланғанымен, іс жүзінде соғыс тоқтамаған.
Ливан ресми өкілдерінің айтуынша, 26 сәуірде Израиль соққыларының салдарынан 14 адам қаза тауып, 37 адам жарақат алған. Соның алдында Израиль әскері тұрғындарды өзі бақылап отырған "буферлік аймақтан" тыс жеті қалаға кетуге үндеген.
Ал Израиль болса, Иран қолдауына ие Хезболла қарулы тобын бітімді бұзды деп айыптап отыр. Хезболла – әрі қарулы топ, әрі саяси партия. Ол Ливанның оңтүстігінің едәуір бөлігін бақылап отыр. АҚШ оларды террор ұйымы деп таныса, Еуроодақ қара тізімге Хезболланың қарулы қанатын ғана қосқан.