Аудиторлық палата: "Болашақ" стипендиясы 340 адамға іріктеу талабын бұза отырып тағайындалған

"Болашақ" бағдарламасында іріктеу талабына сай келмейтін 340 үміткерге 7,7 млрд теңгеге стипендия тағайындалған. Бұдан бөлек, "151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген". Бұл туралы бүгін, 27 сәуір күні парламент мәжілісіндегі үкімет сағатында Қазақстан жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскин мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол жасанды интеллект бойынша жоспарланған 54 стипендияның тек бесеуі ғана тағайындалғанын, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінгенін атап өтті.

"Еңбек нарығының өзгеруін және жасанды интеллектіні енгізуді ескере отырып, жоғары білімі бар кадрларды даярлау" тақырыбында өткен жиында Каскин жоғары білім саласында атқарылған жұмысты сынай сөйледі.

Оның сөзінше, кейінгі бес жылда жоғары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін артқан, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік оқу гранты 77 мыңнан асқан, ал студенттер саны 625 мыңға жеткен.

"Білім саласына жүргізілген аудит барысында мыналар анықталды: қаржыландыру екі есе жуық өскенімен, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі сапаның, ашықтықтың және нәтижеліліктің тиісінше өсуін қамтамасыз етпей отыр" деді жоғары аудиторлық палата мүшесі.

Каскиннің сөзінше, QS Top-200 рейтингіне үш оқу орнын енгізу жоспарының орнына QS Top-700 рейтингіне 11 жоғары оқу орнын енгізу жоспарын енгізілген.

Сонымен қатар, бұрын оқудан шығарылған адамдарға дәл сол білім деңгейі бойынша гранттарды қайта тағайындаудың 33 фактісі анықталған. Олардың жалпы сомасы 85 млн теңге болған.

Бұдан бөлек, 2022-2024 жылдары 24 мыңға тарта студент оқудан шығарылған, ал олардың оқуына 19,6 млрд теңге бөлінген.

"Бүгінгі күні жоғары білім беру жүйесі көбіне түпкілікті нәтижеден гөрі процесті қаржыландыруға көбірек бағытталған. Негізгі міндет — гранттар мен шығыстарды арттыру ғана емес, сапаны нақты бақылау жүйесін, бірыңғай цифрлық есепті, мемлекеттік тапсырысты еңбек нарығымен байланыстыруды және нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайларда бюджет қаражатының қайтарымдылығын қамтамасыз ететін тиімді тетіктерді қалыптастыру" деп сабақтады Тілеген Каскин өз баяндамасын.

"Болашақ" – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1993 жылы құрылған стипендиялық бағдарлама. Ол Қазақстан жастарын шетелдің үздік оқу орындарында білім алуына жағдай жасауға арналған. Осы уақытқа дейін бұл стипендия 12 мыңнан астам адамға тағайындалғаны айтылады.