"Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты", "заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастырды" деп айыпталған ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға үкім шықты. Астанадағы сот 27 сәуірде Жанәбіловқа 2 жыл шартты жаза, Төлегеноваға 2 жыл түрме жазасын тағайындады. Ерлі-зайыптылардың балаларының болуына байланысты Төлегенованың жазасын өтеу мерзімін екі жылға шегерді. Екеуінің де мүлкі тәркіленеді.
Екеуі "пайдасы жоқ курс сатып, ұту мүмкіндігі өте төмен лотерея ұйымдастырған" деп айыпталған. Айыптау актісіне сай, Жанәбілов пен Төлегенова 2025 жылы тамызда автокөлік ұтысын ұйымдастырып, бұл ұтысқа қатысу үшін адамдарға 60 долларға курс сатып алуды ұсынған. Айыптау тарабы бұл конкурс арқылы блогерлер 247 млн 653 мың теңге тапқан дейді.
Басында екеуіне әкімшілік іс қозғалып, кейін оларға Қылмыстық кодектегі "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу", "заңсыз жолмен тапқан ақшаны заңдастыру" баптарымен айып тағылған. Сот отырыстарының бірінде Төлегенова айыпты ішінара мойындаған.
Прокурор Олжас Хайруллаев Жанәбілов пен Төлегенованы 4 жылға түрмеге қамауды сұраған еді. Бірақ айыпталушылар түрмеге қамамауды сұрап, прокурормен процессуальдық келісім жасауды ұсынды. Бұл ұсынысты прокурор қабылдаған. Бүгін, 27 сәуірдегі сотта прокурор Хайруллаев айыпталушылармен келісім жасалғанын, Жанәбіловқа 2 жыл шартты жаза тағайындауды, Төлегеноваға 2 жыл түрме жазасын сұрады. Ерлі-зайыптылардың балаларының болуына байланысты Төлегенованың жазасын өтеу мерзімін екі жылға шегеруді ұсынды.