Пхеньянда “шетелдегі әскери операция жетістіктеріне” арналған жаңа музейдегі мемориалда 2288 солтүстіккореялықтың аты-жөні жазылған. Бұл жөнінде Солтүстік Корея жаңалықтары мен сараптамаларына мамандандырылған NK Pro басылымына сүйенген BBC жазды.
Бұл Оңтүстік Кореяның барлау қызметінің дерегімен сәйкес келеді. Былтыр Сеул шамамен 2 мың сарбаз қаза болғанын хабарлаған. Солтүстік Кореяның өзінде Украинадағы соғыста қаза болған солтүстіккореялықтардың саны жөнінде айтылмайды.
Басылым сұраған сарапшылардың айтуынша, қаза болғандардың аты-жөні жазылған мемориал Солтүстік Корея билігіне Мәскеуге Пхеньян алдындағы “қарызын” еске түсіріп отыру үшін қажет.
Солтүстік Корея өз әскерін 2024 жылдың соңында Ресейге жіберген. Олар негізінен украин күштері басып алған Курск облысының бір бөлігін қайтаруға араласты. Сеулдің бағалауынша, соғысқа шамамен 15 мың солтүстіккореялық қатысқан.
NK Pro: Солтүстік Корея Украинадағы соғыста кемінде 2,3 мың сарбазынан айырылды
Пхеньянда “шетелдегі әскери операция жетістіктеріне” арналған жаңа музейдегі мемориал құрылысы. Наурыз 2026 жыл.