Тәжікстанда қалың жауыннан соң үйлер мен мекемелерді су алды

Тәжікстанда 30 сәуірдегі қалың жауыннан соң ондаған үй мен ғимаратты су алып, кейбір жерлерді шу шайған. Билік қазір шығын көлемін есептеп жатыр. Бұл туралы Тәжікстанның төтенше жағдай комитетіне сілтеме жасап, Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады.

Комитеттің мәліметінше, Душанбедегі екі аурухананың жертөлесін су алған, бірнеше көшедегі тұрғын үйге су кірген. Рудаки ауданында орта мектепке су кірсе, Душанбе маңындағы ауылдарда бензин құю бекеті, кірпіш зауыты, елу сотық ауыл шаруашылық жерін су шайып кеткен. Гиссар ауданында лай батпақ 200 метр жолды жауып қалған. Тағы бір ауылда мектепке батпақ пен су кірген.

Хатлон облысында тұрғын үйлер, жолдар, ауыл шаруашылық жерлері бүлінсе, Дангарда елу үй бүлінген. Соғды облысында үйлер мен инфрақұрылымға зиян келгені, Исфара қаласында автокөпір бұзылғаны хабарланды. Төтенше жағдай комитеті қазір өзендердегі су деңгейі бақылауда, барлық жол мен өткелдер ашық, көліктер жүріп жатыр деді. Құтқару қызметі зардап шеккен аймақтарда жұмыс істеп жатқаны айтылды.